- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жыл соңына дейін...
Жыл соңына дейін 199 елді мекенде әкім ауысады
Әкімдер құрамы "жасарған". Бүгінде сайланған әкімдердің орташа жасы - 45. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин Telegram-арнасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ерлан Кариннің сөзінше, өткен жексенбі күні, яғни 13 тамызда еліміздің 7 облысында 17 ауылдың әкімі сайланған.
"Соңғы екі жылда Президенттің саяси реформалар бағдарламасы аясында ауыл әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлайтын болды. Осы уақытқа дейін 1 668 ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Үміткерлердің 75 пайызын саяси партиялар ұсынса, қалған 25 пайызы өзін-өзі ұсынушылар", - дейді Карин.
Сонымен қатар, оның сөзінше, сайланған әкімдердің жартысынан астамы (57,4 пайызы) бұрын мұндай қызмет атқармаған.
"Бұл ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңарды деген сөз. Бұдан бөлек, жергілікті әкімдердің құрамы да біршама "жасарды". Бүгінде сайланған әкімдердің орташа жасы 45 жас", - дейді ол.
Алдағы жексенбіде, 20 тамыз күні 3 облыстағы 21 ауыл әкімінің сайлауы өтеді.
"2023 жылдың соңына дейін барлығы 199 елді мекенде жаңадан әкімдер сайланады. Солайша, ауыл әкімдерін сайлау еліміздің саяси өмірінде қалыпты құбылысқа айналды", - дейді Ерлан Карин.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина