2023 жылды аяқтап, жаңа жылға қадам басқалы отырмыз. Жыл қорытындысы ретінде Massaget.kz тілшісі елеулі ел есінде қалған айшықты оқиғаларымен бөлісті.
Жыл шуы
Экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген күдікке ілінді. Ол 11 қарашада уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Айта кетейік, бұрынғы ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев бұған дейін де істі болған. Ол 2018 жылғы наурызда пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Кейін экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шыққан еді.
Жыл оқиғасы
8 маусымда "Семей орманы" аумағында өрт шықты. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сәйкес, облыста болған өрттің (12 маусымдағы дерек бойынша) жалпы ауданы 60 мың гектардан асып, оның 43 мың гектарында жану ошақтары бар екені анықталған. Алапат өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері жоғалып, артынша олар өлті табылған болатын. Осы жағдайлардан кейін Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді.
Жыл сот ісі
31 наурызда кәсіпкер Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталған болатын. Қаржы мониторингі агенттігі мәліметінше, "АзияГазЧунджа" ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов және Qazaq Gaz АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Таир Жанұзаққа сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 миллиард теңге ұрлау және қылмыстық кірістерді заңдастыру деректері бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Ұлттық компанияға келтірілген залал Qazaq Gaz АҚ шоттарына аудару арқылы толық көлемде өтелді. 2 шілдеде Қайрат Боранбаевқа қатысты үкім күші жойылды. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы кәсіпкер Қайрат Боранбаев пен оның ісі бойынша басқа да айыпталушылар Роман Наханов пен Тайыр Жанұзаққа газ бағасы туралы құжаттың түпнұсқасы болмағандықтан үкім күшін жойды. Ал қыркүйекте жаза мерзімі 6 жылға дейін қысқарған еді. 16 қазанда сотталған Қайрат Боранбаевтың Астананың орталығындағы 4 жұлдызды қонақүйді мемлекет меншігіне тапсырғаны белгілі болды. Аумағы бес мың шаршы метрден асатын қонақ үй кешенінің жылдық айналымы шамамен 900 миллион теңгеден асады. 20 қазанда сот Боранбаевтың арызын қанағаттандырып, жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстырды.
Жыл адамы
Алматы облысында 8-сынып оқушысы Ақжол автобус жолаушыларын құтқарып қалды. Оқиға 22 қарашада Өтеген батыр қалашығында болған. Іле ауданында автобуста отырған адамдарды құтқарып қалған Ақжол жүргізуші жүрек ұстамасына байланысты көлікті басқара алмай қалғандықтан тез әрекет жасап, тежегішті басып, автобусты тоқтатты. Куәгерлердің сөзінше, оқушы жедел қозғалмағанда автобус жақын маңдағы ғимаратқа соқтығысар еді. Алматы облысының әкімдігі оқушыға ноутбук сыйлады.
Жыл жаңалығы
Қазақстан футболшылары Еуро-2024 іріктеу турнирі аясында биыл Словения футболшыларымен кездесіп, аса тартысты өткен ойында қарсыластарына 2:1 есебімен жол берді. Біздің құрама Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне іріктеу сайыстары арқылы тікелей жолдама ала алмаса да, Қарт құрлық додасына шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Енді жерлестеріміз Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы Еуроға шығу үшін тағы бір мәрте талпынып көреді. Бұл сында біздің жігіттерді 2004 жылғы Еуропа чемпиондары – Грекия құрамасы күтіп тұр. Матч 2024 жылдың наурыз айында Афинада өтеді деп жоспарланған.
Жыл сөзі
Үкімет кулуарында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин журналистердің интернет сапасы туралы сұрақтарына жауап берді.
"Сіздер де Speedtest халықаралық рейтингіне сүйенсеңіздерші. Егер осы халықаралық рейтинг Астананың 35 позицияға көтерілгенін жазса, демек біз 35 қаланы озып кеттік. Тіпті Токионы басып оздық. Сол рейтингті жасаған мен емес қой!", - деп жауап берді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!