Жыл сайын мыңдаған қазақстандық қорқынышты диагнозы барын біледі

 Жыл сайын мыңдаған қазақстандық қорқынышты диагнозы барын біледі
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда жыл сайын 40 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады. Бұл деректер бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, былтыр Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте (0-I сатылар) анықтау көрсеткіші өскен.

"Жыл сайын Қазақстанда шамамен 40 мың адам қатерлі ісікке шалдығады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 230 мыңнан аса қазақстандық онкологиялық есепте тұр. Ең көп тараған қатерлі ісік түрлері: сүт безі, колоректалды ісік, өкпе обыры, асқазан мен жатыр мойны ісігі", – деді министр.

Оның айтуынша, Қазақстанда онкологиялық науқастарды емдеу бағытын олардың клиникалық тобына қарай қайта қарастыру жоспарланып отыр. Осыған байланысты онкологиялық көмек көрсету стандарттарына өзгерістер енгізілмек.

Министрлік басшысы өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Қатерлі ісік диагнозы қойылған науқастар психологиялық және әлеуметтік қолдауға аса мұқтаж. Сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет онкологиялық науқастарды қолдау мақсатында тең деңгейдегі кеңес беру жобасы іске қосылған. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget