"Жыл сайын азғындықтың кесірінен әйелдер мерт болып жатыр": Қазақстандағы қорқынышты статистика қандай?

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісінен кейін тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы өршіп кетті. Сарапшылар бұл іске "қоғамның жарасын ашық көрсетіп берді" деп баға берді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде зорлық-зомбылыққа ұшырап жүрген әйелдер көп екені жасырын емес. Massaget.kz тілшісі осы мәселеге шолу жасады.

Былтыр Бас прокуратура Қазақстанда күн сайын полицияға тұрмыстық оқиғаларға қатысты 300 шағым түсетінін мәлімдеді.

"Жыл сайын елімізде осы азғындықтың кесірінен кем дегенде 80-ге жуық әйел көз жұмады, 150-ге жуығы ауыр, 200-дейі орташа, 4000-нан аса жеңіл жарақат алады. Полицияға күн сайын 300 хабарлама түседі", - деген еді былтыр Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Марат Әбішев.

Ал Алматы облысында былтыр әйелді ұрып-соғу дерегі бойынша 56 қылмыстық іс қозғалған. Өңірде отбасындағы жанжал салдарынан 6 әйел көз жұмған. 

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Былтыр жалпы Қазақстан бойынша тұрмыстық зорлықтан 69 әйел, 7 бала қайтыс болған. Бұл туралы Сенат депутаты Жанна Асанова мәлімдеген еді. 

"2023 жылы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 69 әйел, 7 бала қайтыс болған. Тұрмыстық зорлық дерегі бойынша 99 мыңнан аса хабар түскен. Балаларға қарсы 2452 қылмыс жасалған. Бірнеше резонанс тудырған жағдай болды", - деді депутат. 

Сонымен қатар, былтыр отбасылық-тұрмыстық мәселеге қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтардың үштен бірінен астамы (36,5 пайыз) денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру болған, саны - 337 құқықбұзушылық. 

Денсаулыққа орташа зиян келтіру істері де айтарлықтай үлеске ие: 336 құқықбұзушылық, жыл сайынғы өсім - 4,7 пайыз.

Тұрмыстық салада көп жасалатын қылмыстық құқықбұзушылықтарға адам өлтіру (108 іс), абайсызда денсаулыққа зиян келтіру (19 іс), адам өлтіруге дайындалу және оған оқталу кезінде денсаулыққа ауыр зиян келтіру (әр бап бойынша 17 іс) жатады.

ranking.kz 

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық әкімшілік құқықбұзушылық 90 пайызға көбейіп кеткені хабарланды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!