"Жыл сайын 377 миллион теңге". Жамаубаев "Барыс" хоккейшілерінің айлығы туралы пікір білдірді

"Жыл сайын 377 миллион теңге". Жамаубаев "Барыс" хоккейшілерінің айлығы туралы пікір білдірді

Қаржы министрі - Премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев "Барыс" хоккейшілерінің жоғары айлығы туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бірнеше БАҚ-та "Барыстың" құрамындағы ойыншылар - Никита Михаилис пен Линден Вей жыл сайын 377 миллион теңгеден жалақы алып отырғаны тараған болатын. Майкл Шапю, Энтони Луис, Джереми Бракконың жылдық табысы 200 миллион теңгеге жуықтайтын көрінеді.

Осы шығындарға қатысты қаржы министрі - Премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев пікір білдірді. 

"Спортты көріп жүрсіздер, чемпионаттарды, ірі ойындарды, мәселен соңғы чемпионатты байқадыңыздар. Месси бастаған топ, мәселен, Аргентинадағы өте бай клубта өнер көрсетеді. Сондықтан, мұндай мықты ойыншылардың келуі ел чемпионатының күшеюіне мүмкіндік береді. Жеңіс тұғырынан көріну үшін өте мәнерлі әрі ұшқыр ойнайтын спортшылар керек", - деді Жамаубаев.

Десе де, министр шетелден жаппай спортшыларды сатып алу дұрыс деп санамайтынын айтып, мықты ойыншылардың болуы халықаралық тәжірибе екенін де еске салды.

"Дегенмен, қаржы министрі - Премьер-министрдің орынбасары ретінде айтарым, біз кезінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен осындай клубтарды қаржыландыруға тыйым салған болатынбыз. Бөлмейміз. Біздің негізгі мақсатымыз - бұқаралық спортты дамыту. Жасөспірімдердің арамыздан шығып, ірі спортшы болуына жағдай жасау", - деді ол.

Жамаубаев хоккейшілерге бөлінген шығынның өз аргументі бар екенін де атап өтті. Биліктің екі жақты да тыңдағаны жөн екенін ескертті.

"Егер "Барыс" клубында жай ойыншылар ойнайтын болса, онда клубтың керегі де жоқ. Арасында көшбасшы керек. Әрине, бірақ "Көрпеңе қарай көсіл" дейді. Бүкіл ақшамызды спортшыларға жұмсамай, баланс табу керек", - деді Үкімет басшылығының өкілі.

Ол сондықтан да бюджет есебінен ірі, қомақты ойыншыларды тартуға тыйым салынғанын атап өтті.

Алайда "Барыс" легионерлерін Мессимен салыстыру қаншалықты орынды екенін сұраған журналистерге жауап бере алмады. Мұндай сауалдарды тиісті ведомстволарға жолдауды ұсынды.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz