Жыл сайын 200 млн доллар сыртқа шығарылады - депутат Бақытжан Базарбек

Жыл сайын 200 млн доллар сыртқа шығарылады - депутат Бақытжан Базарбек
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Жыл сайын Қазақстаннан 200 миллион доллар оффшорға шығарылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында "Трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыға салынды.

Отырыста депутат Бақытжан Базарбек шенеуніктердің ұрлаған ақшасы офшорда жатқанын айтып, Үкімет басшысының орынбасарына өзекті сұрақты қойды.

"Ерлан Кенжебекұлы, капиталды қайтаруға байланысты. Кейбір шенеуніктер заңның солқылдақ тұсын пайдаланып жатыр. 30 жыл бойы шенеуніктер мен олигархтар капиталдың бәрін офшорға шығарып тұрды. Менің ақпаратым бойынша қазір офшорлық аймақта 45 млрд-қа жуық қаражат осы ел мен халықтың ақшасы офшорда жатыр. "Текст Жастис" деген ұйымның мәліметінше, жыл сайын Қазақстаннан 200 млн доллар капитал (сыртқа) шығарылады. Сіздің мекемеңіз бен Үкімет осы офшордағы 45 млрд-қа жуық ақшаны қайтару үшін қандай жұмыс істеп, қандай шара қолданып жатырсыз?", - деді ол.

Қаржы министрі мәселе бақылауда екенін, тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

"Шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару бойынша комиссия кешенді жұмыс істеп жатыр. Бірнеше тұлға реестрге кіргізілді. Ол тұлғалармен Бас прокуратураның арнайы комитеті жұмыс істеп жатыр. Министрлікке келетін болсақ, бізде арнайы офшорлық аймақтардың тізімі бекітілген. Ондай аймақтармен жүргізілген операция күмәнді болып саналады. Ол жерде тексеру барысында трансферлік баға берілу күшейтіледі.

55 мемлекетпен қосарланған салықты жүргізбеу бойынша конвенция бар. Соңғы 1-2 жылда еліміздегі валюталық реттеу мен бақылау Ұлттық банктің құзыретінде болған мәселе болған. Біз заңға тиісті өзгерістерді енгізіп, Қаржы министрлігі валюталық бақылауға қосымша орган ретінде қосылып отыр", - деді вице-премьер.

Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша Ұлттық банк мониторинг жүргізіп жатыр.

"Экспорттық, импорттық мәміле жасалады. Қандай да бір мемлекеттен 100 млн теңгенің қондырғысын Қазақстанға әкеліп орнату керек. Ақша жіберіледі, қондырғы жоқ. Бұл жерде осындай жүздеген шарт жылдар бойы жатқан. Ақша кеткен, қондырғылар қойылмаған. Ұлттық банктің бұл жерде тиісті құзыреті болмаған.

Олар автоматты түрде ондай шарттарға келісім бере берген. Қазір Қаржы министрлігі тарапынан шетке шыққан қаражат бойынша сараптама жүргізіп жатырмыз. Қазір 500 млрд-қа жуық ақпаратты Қаржы мониторингіне бердік. Қаншалықты ол жерде қылмыстық әрекет бар екенін тексереді. Былтыр заңға өзгеріс енгізілген болатын, 50 мың доллардан асатын кез келген келісімшарт бойынша ақпаратты Ұлттық банк Қаржы министрлігіне беріп отырады", - деді Ерұлан Жамаубаев.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz