Жыл басынан бері қанша этникалық қазақ қандас отанына оралған?

2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 2 800 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 131,1 мың этникалық қазақ оралған.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (49,6 пайыз) Қытайдан, 31,9 пайыз –Өзбекстаннан, 6,8 пайыз – Түрікменстаннан, 6,5 пайыз  – Моңғолиядан, 3,9 пайыз – Ресейден  және 1,3 пайыз басқа елдерден.

Осы жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 58,7 пайыз, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,9 пайызды және зейнеткерлер 9,4 пайыз.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,9 пайызы жоғары білімді, 21,3 пайызының орта кәсіптік білімі бар, 55,3 пайызы жалпы орта білімді және 6,5 пайызының білімі жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 науырыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 607 қандас қоныс аударды.

Бұл өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Жыл басынан бері 144 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Атап айтқанда, 143 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз