- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- алматы автобустарында жаңа жүйесі билетсіз жолаушылар
Жыл басынан бері автобуста жолақы төлемеген қанша жолаушы ұсталып қалған?
Алматы қалалық мобилділік басқармасы автобус жолаушыларының төлем қабылдауына қатысты деректерді ұсынды. Басқарманың хабарлауынша, жыл басынан бері 432 билетсіз жолаушы анықталған. Толығырақ Massaget.kz тілшісінің материалында.
2024 жылдың 3 тамызынан бастап Алматы қаласының қоғамдық көлігінде қолма-қол арқылы төлем әдісі алынып тасталды. Басқарма баспасөзі ескертуден кейін әзірге жүргізушілердің қолма-қол ақша жинау фактісі тіркелмегенін хабарлады.
Төлем түрлеріне қатысты тың дерек
Алматы қаласының көлік холдингі 1 қаңтардан бастап автобуста 362 594 989 транзакция, яғни жолақы төлемі жасалғанын мәлімдеді. Дәлірек айтсақ, оның ішінде:
"2024 жылдың 1 қаңтарынан 20 қазанына дейін Алматы қаласының қоғамдық көлігінде 362 594 989 транзакция жасалған. Оның ішінде ONAY картасы арқылы 239 028 595 рет, QR арқылы 89 876 877 рет және SMS/USSD арқылы 29 018 556 рет жол ақысы төленген. 2024 жылдың 3 тамыз айына дейін қолма-қол тәсілімен 4 670 961 рет жол ақысы төленгенін хабарлаймыз", - делінген жауапта.
Төлемсіз жүргендер жауапқа тартыла ма?
Алматы қаласы қалалық мобилділік басқармасы жыл басынан бері автобус жолаушылары арасында жолақысын төлемеген 432 азаматты анықтағанын хабарлады. Оның ішінде 308 азаматқа хаттама толтырылған. Басқарма басшылығы жолақысын төлемегендерге ҚР "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" Кодексінің 622-бабы бойынша жауапқа тарту шаралары қолданылатынын еске салды.
"Қоғамдық көлікте жол жүргені үшін ақы төлеуден жалтару - екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады", - делінген кодексте.
2024 жылы Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш әлеуметтік жәрдемақыларды, айыппұлдарды, салықтарды және басқа төлемдерді есептеуге қолданылады. Сондықтан қоғамдық көлікте жолақысын төлемеген болсаңыз, 7 384 теңге айыппұл арқалайтыныңызды есте сақтағаныңыз жөн.
Билетсіз жолаушыларға арналған "жаңа жүйе"
Қазіргі таңда билетсіз жүрген жолаушыларды анықтаудың жаңа жүйесін ойлап табу қолға алынып жатқаны айтылды.
"Алматы қаласының әкімдігі билетсіз жолаушыларды тексеруді қамтамасыз ететін бірыңғай бақылау қызметін құруды жоспарлауда", - делінген басқарма жауабында.
Бұған дейін Алматыда жолаушылардың жол жүру ақысын төлеп-төлемегенін тексеретін бақылаушылардың құқығы жайлы жазған едік. Онда олардың міндеті мен жауапкершілігі көрсетілген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Литпин