Ақтау қаласының тұрғындары бұралқы иттерден қорқып, көшеде еркін жүре алмайтындай дәрежеге жеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаңғыбас иттер, әсіресе, 11, 26 және 27-шағынаудандарда көп. Тұрғындардың сөзінше, аш иттер қоқыстарды торуылдайды. Сол кезде қоқыс маңынан өткен адамдарға жүгіріп, үрей туғызады.
"Балаларым 5-шағын аудандағы 7-лицейде оқиды. Мектептің айналасында, тіпті қоршаудың ішінде иттер толып жүреді. Жақында қызым аялдамада автобус күтіп тұрған 2 кішкентай баланы иттерден құтқарып қалған. Өте қорқынышты. Тал түсте 7-шағынауданда болған жағдай. Ал Жаңаөзен қаласында 4 жасар баланы талап тастады ғой. Мәселе өте күрделі. Бірақ жергілікті атқарушы органдар шара қолданбай отыр", - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Жансая Бүркітова.
Ақтау қаласындағы көпбейінді балалар ауруханасы баспасөз қызметі мәліметінше, былтыр 400-ден аса бала итке таланып, ауруханаға жеткізілген. Жыл басынан бері тағы 108 бала зардап шекті. Ал облыстық көпбейінді ауруханаға кейінгі 3 айда 100-ден аса ересек шағымданған.
Қаңғыбас иттер мәселесі облыс көлемінде өзекті. Ауыл-аймақтардағы тұрғындардан да шағым көп. Ал мамандар қазіргі заңға сәйкес, өз беттерімен ит ауламайтындарын жеткізді. Тек шағым бойынша жұмыс істейді.
"Ең қауіпті деген төрт аяқтылар ғана ауланады. Былтыр аймақта сондай 11 мыңнан аса иттің көзі жойылды. Қаңғыбас иттерді уақытша ұстау пункттері мен панажайлар салуда бірқатар мәселе бар. Мысалы, арнайы типтік талаптар жоқ. Сол үшін жобалар кешіктіріліп жатыр. Сондай-ақ, ит асырайтын тұрғындардың жауапкершілігін арттыратын заң талаптарын күшейту керек", - дейді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Марқабаев.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылы өңірде 1400 ге жуық адамды ит қапқан. Зардап шеккендердің көбі - 14 жасқа дейінгі балалар. Былтыр иттердің адамға шабуыл жасау дерегі 11 пайызға өсті. Ал жыл басынан бері 259 адам қаңғыбас иттерден зардап шекті.
Сая Мәжитқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!