Жыл басынан бері 15 кісі өлімі ашылып, мыңдаған адам ұсталды - ІІМ

Жыл басынан бері 15 кісі өлімі ашылып, мыңдаған адам ұсталды - ІІМ
Фото: Видео кадры

Ішкі істер министрлігі алты айда Қазақстанда қылмыс деңгейі 10 пайызға төмендеп, қоғамда қызу талқыланған істер ашылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, аса ауыр қылмыстармен күрес ерекше назарда. Кісі өлтіру дерегі 9 пайызға азайған. Өткен жылдардағы қылмыстарды ашу жұмыстары жалғасып жатыр.

Жыл басынан бері 15 кісі өлтіру, 19 ауыр дене жарақатын келтіру дерегі, 7 зорлау оқиғасы және 31 бұзақылық қылмысы ашылған. Ұрлық саны 16 пайызға азайған.

"Ұрлық жасағаны үшін бес мыңнан аса адам ұсталып, шамамен 600 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Мал ұрлығына қарсы күрес те тұрақты бақылауда. 119 адам ұсталып, 28 қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылды. Алты айда іздеуде жүрген 678 адам ұсталды. Олардың 90-ы шетел аумағында. 28 қылмыскер елге экстрадицияланды, 14 адам депортацияланды. Сонымен қатар, 362 азаматтың жүрген жері анықталды. Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жалғасып жатыр. Павлодар облысында екі заңсыз көші-қон арнасы анықталды. Осындай қылмыстық схемалар Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысында да жойылды", - деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget