Жыл аяғында адамдар неге мазасыздана бастайды? Психотерапевт түсіндірді

Жыл аяқталар тұста көп адам жоспарлаған істерін үлгермегеніне алаңдап, мазасыздана бастайды. Мұндай күйге не себеп болатынын медицина ғылымдарының кандидаты, психотерапевт Ирина Крашкина "Известия" басылымына берген сұхбатында түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маманның айтуынша, адам жыл бойы көп жұмыс істеп, біраз жетістікке жетсе де, өз еңбегіне көңілі толмауы мүмкін. Өйткені ол көбіне атқарған істеріне емес, аяқсыз қалған жоспарларына назар аударады.

Психотерапевт мұны адамдардың желтоқсанды жылды қорытындылайтын кезең ретінде қабылдауымен байланыстырады. Жыл басында қойған мақсаттарын еске алып, оларды қол жеткізген нәтижелерімен салыстырады. Ал ойлағаны орындалмаса, көңілі түсіп, өзін кінәлауы немесе мазасыздануы мүмкін.

"Мұндай кезде адам орындалмаған істеріне ғана мән беріп, өзіне байланысты болмаған жағдайларды ескере бермейді", – деп түсіндірді маман.

Оның сөзінше, айналадағы адамдардың да ықпалы бар. Қоғамда барлық істі жыл аяқталғанша бітіріп, жаңа жылды жаңаша бастау керек деген түсінік қалыптасқан. Соның салдарынан күнделікті жұмыс пен үй шаруасының өзі шұғыл атқарылуға тиіс міндет сияқты көрінеді.

Ирина Крашкина ең алдымен аяқталмаған істердің тізімін жасап, оларды маңыздылығына қарай бөлуді ұсынады.

Атап айтқанда, қай жұмысты міндетті түрде жыл аяғына дейін бітіру керегін, қайсысын қаңтарға қалдыруға болатынын және қандай жоспарлардан мүлде бас тартуға болатынын анықтап алған жөн.

Мұндай тәсіл адамға уақытын тиімді жоспарлауға, жағдайды бақылауда ұстап отырғанын сезінуге және күш-қуатын босқа жұмсамауға көмектеседі.

Психотерапевттің айтуынша, барлық жоспарды бір жылда орындау міндет емес. Адам өз мүмкіндігін дұрыс бағалап, бәріне үлгеруге тырыспаса, жыл соңындағы күйзелісті азайтып, алдағы мақсаттарына күш жинай алады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!