Мәжіліс бүгінгі пленарлық отырысында бірқатар мәселені қарауға алды. Солардың бастысы – 2018 жылға арналған бюджет. Бұл орайда әлемдік экономиканы дендеген дағдарыстың бізге қатты соққысы болмауы тиіс.
Министр Қуандық Бишімбаевтың мәлімдеуінше, жыл аяғына дейін ЖІӨ жарты пайызға көтеріледі. Мұнай бағасы да қымбаттауы ықтимал. Алдын ала болжам бойынша 1 баррель қара алтынның құны 35 долларға жетуі мүмкін. Қазан айындағы басты жаңалықтардың бірі «Қашағанның» іске қосылуы болмақ.
Бұл арқылы мұнай өндірудің көлемі артады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен құрылыс, көлік саласына да артылған үміт көп. Сарапшылар бұл бағытта да өсім болады деген пікірде. Инфляцияға келсек, ол бұрынғы 6-8 пайыздық дәлізде сақталған. Айта кеткен жөн, республикалық бюджетке көзделген Ұлттық қордың кепілді трансферттік мөлшері 400 млрд теңгеге қысқарды. 9 қыркүйекте Елбасының қатысуымен өткен Үкімет отырысында 379 млрд теңге дағдарысқа қарсы шараларға жұмсалсын деген тапсырма берілген.
Бұл экономикаға тың серпін беріп, өзге салаларды алға бастыруда сеп болатыны сөзсіз. Білім, денсаулық сақтау салаларын да қаржыландыру көрсеткіші кемімейді. Мемлекеттік сатып алуға кететін шығын 58 миллиардқа, ал Универсиадаға дайындық 7 млрд теңгеге қысқарған.
Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі: - Қалған ақшаны біз тиімді пайдалану үшін басқа облыстарға жіберетін боламыз. Ешқандай жоба тоқтамайды. «Бизнестің жол картасы» бойынша ол да экономия, біз оны алып, басқа аймақтардың жобаларына жіберіп отырамыз.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев II сессияның ашылуында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында республикалық бюджет мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Осыған байланысты біз бюджетке қосымша түскен қаржыларды Президентіміз айтқан дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін тиімді пайдалануымыз керек.
Инфляцияға келсек, ол бұрынғы 6-8 пайыздық дәлізде сақталған. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың мәлімдеуінше, әзірге бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 2 пайызына тең. Оның айтуынша, 2016 жылғы кіріс 4 трлн теңге көлемінде бағаланады. Бұл бекітілген жоспардан 834 млрд теңгеге жоғары.
Дереккөз: 24.kz