Астанада ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары қаржы пирамидасын құрғаны және алаяқтық жасағаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Сотта қылмыстық топ құрамында 10-нан аса адам болғаны және олардың әрқайсының өзара нақты бөлінген міндеті болғаны анықталған.
Топ мүшелері азаматтарды 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы төленетініне сендіріп, автонесие рәсімдеуге көндірген. Сонымен қатар, несие бойынша міндетті өздері өтейтініне уәде еткен.
Алайда алынған көліктер заңсыз сатылып, олардың бір бөлігі Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығарылған. Қылмыстық әрекет салдарынан 100-ден аса азамат жәбірленуші деп танылып, барлығы 165 көлік рәсімделген.
Сот үкімі
Сот үкімімен кінәлілер ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және оған басшылық жасағаны, қаржы пирамидасын құрғаны және оған басшылық жасағаны, сондай-ақ, алаяқтық үшін кінәлі деп танылып, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Жәбірленушілердің азаматтық талап-арызы қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова