Жүздеген түлек тесттен шеттетілді: наурыздағы ҰБТ-ның нәтижесі жарияланды

Жүздеген түлек тесттен шеттетілді: наурыздағы ҰБТ-ның нәтижесі жарияланды
Фото: gov.kz

Наурыз ҰБТ-дан 179 мыңға жуық адам өтті. Талапкерлердің 75 пайызы тестті қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде және 157 адам ағылшын тілінде тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

140 балл жинаған түлек бар

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, талапкерлердің 70 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл - 66 балл. Ең жоғары нәтиже - 140 балл.

Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия түлегі Жазира Кеңесова төрт пән бойынша 90 балл жинады. Сонымен қатар, ҚАЗТЕСТ сертификатын пайдаланып, "Қазақ тілі" пәні бойынша балын конвертациялады. Осылайша, оның жалпы нәтижесі - 140 балл.

Апелляцияға бергендер

Талапкерлердің тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде тест тапсырмаларының мазмұны бойынша апелляцияға беруге құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тест кезінде қабылданады. Бұл жолы 31 мыңнан аса өтініш қабылданып, олардың ішінде 17 тапсырмаға қатысты өтініш қанағаттандырылған. Республикалық комиссия жұмысын аяқтаған, талапкерлердің сертификаты жеке кабинетінде қолжетімді.  

Қандай пәндер көп таңдалды?

Тестке қатысушылардың басым бөлігі "Математика-Физика" комбинациясын таңдаған (18,7 пайызы). "Биология-Химия" пәндерін 16,5 пайызы таңдаған. Сондай-ақ, топ-3 қатарына талапкерлердің 10,3 пайызы таңдаған "Шығармашылық емтихан" комбинациясы кірді. 

Қанша адам ереже бұзды?

ҰБТ-ны өткізу барысында ереже бұзудың 264 дерегі анықталды. 130 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тесттен шеттетілген. Тағы 134 адам тест кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылған, олардың нәтижесі жойылды. 

Еске салайық, бұған дейін наурыздағы ҰБТ-ның алдын ала нәтижесі шықты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget