Алматы-Ташкент тас жолының 19-шы шақырымындағы көлік кептелісі сейілер емес. Жүргізушілер кептелісте сағаттап тұруға мәжбүр. Жолды кеңейтіп, кері бұрылатын қосымша көпір салмайынша бұл мәселе ешқашан шешілмейді, - дейді тұрғындар. Massaget.kz тілшісі тұрғындармен сұхбаттасып көрген еді.
"19 шы шақырым" дегенде көлік жүргізушілерінің жүйкесі сыр бере бастайды. Өйткені дәл осы тұста кептеліс күндіз де, түнде де болады. Қалаға кіріп-шығу оңай емес. Таңғы уақытта Алматы облысынан қалаға көлік нөпірі ағылады. Сағат 6-дан кейін жүйткіген темір тұлпарлардың жүрісі кібіртіктеп қалады. Сондықтан жүргізушілер бұл маңнан ертерек өтіп кетуге тырысады. Ал үлгермегендер кептелісте тұруға мәжбүр.
"Мен күн сайын Ұзынағаштан Алматыға барамын. Қаскелең мен осы аралық нәбары 3 шақырым. Соның өзін әрең дегенде титықтап жүреміз. "Пробкада" 2 сағат тұрамыз. Екі жыл болды ғой осылай жүргенімізге. Бұл проблема қашан бітеді?" - дейді көлік жүргізушісі Сейітқұл Өзбеков.
Кептеліс кесірінен жолаушылар діттеген жеріне кешігіп жетеді. Қалаға қатынап жұмыс істейтін облыс тұрғындары жол азабын күнде көреді. Ал, кешке үйлеріне қайтулары бұдан да қиын.
"Бұл жерге "Асыл арман" тұрғын үй кешеніндегідей автокөлік жүретін айналма көпір салу керек. Сонда жақын маңдағы ауыл тұрғындары сол көпірге шығып, өзінің жолына түсіп Алматығы кетеді. Қаскелең жақтан келетін елге ешқандай кедергі келтірмейді", - дейді жүргізушіс Айдос Смағұл.
Кептелістің туындауына бір ақ себеп бар. Қарасай ауданы, Ұмтыл ауылдық аймағынан шығып, Алматыға баратын көліктер Үлкен Алматы айналмалы жолына түсе алмайды. Сондықтан "Алматы-Ташкент" күре жолына шығып, кері айналулары керек. Жол тар болғандықтан бұрылыс қарсы бағыттағы қозғалысқа кедергі келтіреді.
Мәселені реттеу үшін жолды кеңейту керек. "Қазавтожол" ҰК АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Шыңғысхан Мұратбекұлының айтуынша жобаның тек сызбасы ғана жасалған екен.
"Кеңейтілетін жол жобасының нобайы бар. Алты жолақты жол бойында жол айрық пен жаяуларға арналған екі көпір салу көзделген. Қарсы бағытқа өтетін тұсы Долан ауылының маңында орналасады. Қазір жол құрысына қажетті жер телімдерінің кімге тиесілі екенін анықтау жұмысы басталды. Алдымен соны аяқтап алуымыз керек", - дейді ол.
Күн сайын жолдың 20-27 шақырымы аралығымен 70 мың автокөлік жүреді. Кептелісте ұзақ тұру экологияға зиян әрі адамның жүйкесін жұқартады, уақытын текке шығындайды. "Қазавтожол" мамандары ұсынған жоба іске асып, құрылыс басталғанша әлі қанша уақыт өтері белгісіз.
Саламат Сабыр
Тағы да оқи отырыңыздар: Алматыда жылу қашан өшіріледі?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!