- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жуырда Президенттік жастар...
Жуырда Президенттік жастар кадрлық резервіне екінші қабылдау басталады
Жақында Президенттік жастар кадрлық резервіне екінші қабылдау басталады. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин өзінің Telegram-арнасында жазды.
Айтуынша, 2021 жылғы 18 мамырда Мемлекет басшысы "Президенттік жастар кадрдық резервінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы №141 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Жарлыққа қол қойған еді.
"Резервке екінші іріктеуге 35 жасқа дейінгі, жоғары білімі бар және еңбек өтілі 5 жылдан кем болмайтын жастар қатыса алады. Сондай-ақ, жаңа іріктеу шеңберінде үміткерлердің мемлекеттік тілді орта деңгейден (В1) төмен емес деңгейде меңгергені туралы сертификаттың болуы туралы талап енгізілді", - деп жазды ол.
Сөз барысында президент кеңесшісі іріктеудің талаптарын да айта кетті
Ең алдымен, құжаттарды қабылдау (онлайн), мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау (онлайн), ахуалдық міндеттерді шешу (онлайн), құзыреттерді бағалау (офлайн), сараптамалық комиссияда үміткерлермен әңгімелесу (онлайн), ұлттық комиссия отырысында қарау (онлайн). Үміткерлер резервке 3 жылға қабылданады. Бүгінгі таңда Президенттік жастар кадр резервінің алғашқы жиынтығынан мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компанияларға 179 резервші тағайындалды, - дейді Ерлан Қарин.
Осылайша, Президенттік Жастар кадрлық резерві өзінің басты міндеті – жас мамандар үшін тиімді әлеуметтік лифт құру міндетін іске асыруда.
Қ. Слямбек