"Жуынатын су да жоқ". Ақмола облысы тұрғындары төтенше жағдай жариялауын талап етті

"Жуынатын су да жоқ". Ақмола облысы тұрғындары төтенше жағдай жариялауын талап етті

Ақмола облысы Егіндікөл ауылында 70 миллион теңгеден аса қаражат жұмсалып, күрделі жөндеу жүргізілген су айдау мұнарасы бір жылға жетпей адамшошырлық күйге жеткен. Аудан отыз жылдан бері ауызсудың зардабын тартып келеді. Тұрғындар су мәселесін шешу үшін төтенше жағдай жариялануын талап етіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Аудан тұрғындары 20 сәуірде өткен облыс әкімі Ермек Маржықпаевпен кездесуде ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін төтенше жағдай жариялануын талап етті. Расында да халық бұл мәселені төтесінен қоюы орынды да сияқты. Өйткені Егіндікөл, Қорғалжын, Атбасар ауданындағы ондаған ауылды ауызсумен қамтитын Нұра су құбырына 50 жылдан аса уақыт жөндеу жүргізілмеген. Құбырдың 90 пайыздан астамының әбден тозығы жеткен. Құбыр бойындағы су шығыны 70-80 пайыздан асқан.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі су құбырын 2024-2026 жылдарға жөндеуді жоспарлаған. Бірақ бұл аудан тұрғындарын қанағаттандырмай отыр. Тұрғындар наразылығын білдіріп, экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменоваға хат та жазған.

"Егіндікөл ауданы ауызсудың ащы зардабын отыз жылдан бері тартып келеді. Бірақ айтарлықтай ешбір өзгеріс жоқ. Су құбыры жиі жарылуы салдарынан тұрғындар бірнеше айлар бойы сусыз отырады. Осы апта тағы да сусыз отырмыз. Су болған күндердің өзінде бірнеше сағатқа ғана беріледі. Облыс әкімі келген күні су жіберілді. Бірақ оның өзі аудан орталығының бірнеше көшелеріне жетпей қалды. Аудандағы 12 ауыл суды су магистралінен алса, қалған төрт ауыл суды тасып ішеді. Басқасын былай қойғанда, жуынатын су да жоқ. Судың сапасы өте нашар. Министрлік 2024-2026 жылдарға су құбырын жөндеуді жоспарлағанын білеміз. Мұны тек төтенше жағдай жариялап қана шешуге болады деп санаймыз. Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы 20 ақпандағы №26 бұйрығына сәйкес тәуліктен аса уақыт су құбырындағы апат салдарынан тұтынушыларға ауызсу берілу тоқтатылса, төтенше жағдай саналады. Сондықтан құрылыс-монтаждау жұмыстарын жылдамдату үшін Егіндікөл ауданында Экология министрлігі жанынан жұмыс тобын құрып, төтенше жағдай жариялануын талап еттік", - дейді "Тіршілік-2023" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерік Серікбаев.

Аудан орталығы Егіндікөл ауылында былтыр ғана жөнделген су айдау мұнарасы да адамшошырлық күйге түсіпті. Мұнараның түбінен су сорғалап ағады. Тұрғындардың сөзінше, су алатын бөшке мен су сақталатын орындар антисанитариялық күйге түскен. Су алатын орынның айналасы батпақ пен күл-қоқысқа айналған. Тапсырыс берген Егіндікөл ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мердігер компания - "Корпорация Әлем Құрылыс" ЖШС-ін сотқа берген.

Алайда биыл 6 қаңтардағы сот шешімімен тапсырыс беруші сотқа беру уақытын өткізіп алуына байланысты берілген арыз қанағаттандырылмаған. Ақмола облысының ауданаралық экономикалық соты Егіндікөл ауданы әкімінің атына істі қарастыру кезінде анықталған мемлекеттік сатып алу заңнамасы нормаларының бұзылуы туралы жеке ұйғарым шығарған. Бұл жағдайдың бәрін негізге алған ауылдың белсенді тұрғындары аудан прокурорына да арыз беріпті.

Ал аудан әкімдігі өкілі мемлекеттік сатып алу арқылы конкурсты жеңіп алған Қызылорда облысынан келген мердігер компания тапсырысты дұрыс орындамағанын мойындап, ақауды жөндеуге хабарлама жолданғанын жеткізді.

"Былтыр облыстық бюджет қаржысынан Егіндікөл селосының су айдау мұнарасын жөндеуге 79,1 миллион теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алу ашық конкурсының қорытындысы бойынша "Корпорация Әлем Құрылыс" ЖШС-і мердігер болып анықталды. Келісімшарт сомасы 73,3 миллион теңге болды. Мердігерге іс жүзінде орындалған жұмыс көлеміне байланысты 60 миллион теңге ғана төленді. Су құбырын пайдалану кезінде оның ішінде су жинақтайтын резервуардан да ақаулар анықталды. Мердігер компанияға бұл ескертулерді орындауға хабарлама жолданды. Компания 19 мамырға дейін ақауларды жөндеуге міндеттелді. Су құбыры мұнарасын жөндеу жұмыстарына маңындағы аумақты абаттандыру кірмеген. Биыл бұл мақсатта облыстық бюджеттен 48,5 миллион теңге бөлінді. Қазір конкурс жүргізіліп жатыр", - дейді Егіндікөл ауданы әкімдігі өкілі.

Түйінді мәселе бойынша алдағы бейсенбіде Егіндікөл ауданының әкімі үлкен жиын ұйымдастырмақ. Халық мәселені төтенше жағдай жариялап қана шешілуі мүмкін деп санайды.

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz