Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Талғарда қаза тапқан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болаттың отбасының үйінде болған өртке қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжілісмен бұл оқиға туралы ойын Instagram-парақшасында жазды. Депутат бұл істі тергеуде барынша ашықтық пен әділдік қажет екенін айтты.
"Талғарда болған қайғылы оқиға жаға ұстатты. Жас жігітті өлтіріп, отбасының үйін өртеп жіберген жауыздық, хайуандық және әділетсіз қылмыс бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл оқиға тек құқық қорғау органдарына ғана емес, бүкіл қоғамға сын. Шерзат Болаттың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Бұл істі тергеуде барынша ашықтық пен әділдік қажет. Кінәлілердің барлығы заң алдында жауапқа тартылып, өз жазасын алуға тиіс. Полиция мен прокуратура ешкімнің жазадан құтылып кетпеуін қамтамасыз етуі керек. Бұл қылмыс құқық қорғау органдарында жүйелі реформаларды іске асыруға себеп болуы қажет. Бұл заңның талабы ғана емес, қоғам алдындағы парызымыз. Кінәлілерге қарсы зорлық-зомбылық таныту мәселені шешпейді. Қақтығысты ушықтырмай, өз наразылығымыз бен позициямызды білдіру кезінде заңды бұзбай, оңтайлы жолды қолданған жөн. Барлық мәселені заң аясында шешуге болады және біздің қоғамда кез келген мәселе солай шешілуі қажет. Бұл қайғылы оқиғаны қасақана түрде жағдайды тұрақсыздандыру үшін пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармаймын", – деп жазды Аймағамбетов.
Сондықтан депутат қазір арандатуға бой алдырмау – әділ жазаны қамтамасыз ету және құқық қорғау жүйесінде терең, жүйелі реформалар жасау үшін күш-жігерімізді біріктіру аса маңызды екенін айтты.
"Тексерілмеген ақпараттарды таратып, елді дүрліктірмейік. Барлық шешімдер тек заң шеңберінде қабылдануы тиіс. Құқық қорғау органдарының қажетті күштері толық жұмылдырылды. Бұл іс Бас прокурордың бақылауына алынған, ал отбасы полиция қорғауында. Қазіргі уақытта қылмыскерлерді жазалап, құқықтық жүйенің барлық қаһарлы күшін көрсету маңызды", – деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз