- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жұрттың пікіріне көбірек...
"Жұрттың пікіріне көбірек мән береміз". Тоқаев жастарға қандай қасиеттер керек екенін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда қазіргі заманда жастарға қандай қасиеттер керек екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы қазақтың қанында "басқалар не дейді" деген әдет барын жасырмады.
"Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осылайша, олар ұлттың рухын жаңғыртып жатыр. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу - мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді. Біз, аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өзіміз үлгі көрсету арқылы дәріптеуіміз керек. Жастарымыз көп сөзге құмар, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болмауға тиіс. Оларды осындай теріс әдеттерден қашық болуға үйретуіміз керек. Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен, өзі үшін жасауға тиіс. Мұны елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін қолға алуымыз керек. Ашығын айтсақ, біз кейде өз өмірімізден гөрі жұрттың пікіріне көбірек мән береміз. Тіпті, бұл әдет қанымызға сіңген деуге болады. Әрине, қазақтың қонақжайлығы - жақсы қасиет. Бірақ үйдің іші-сыртын қонақ келгенде ғана ретке келтіру дұрыс емес", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның негізгі мақсаты мен қағидасын атады.
"Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет. Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс.
Қазақстан бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты. Яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек. Жақында ірі қалаларымызда су тапшылығы пайда болды, тұрғындар наразылығын білдіріп жатыр. Бұл да орынды. Осы түйткіл - әкімдердің жұмысындағы нағыз олқылық. Оны тез арада түзету керек. Әкімдердің қолынан келмесе, тиісті шешімдерді қабылдаймын. Негізгі мақсат - табысты болып көріну емес, шын мәнінде табысты мемлекет болу. Бұл мызғымас қағида болуға тиіс", - деді Президент.
Сондай-ақ, адал азамат деген ұғым қалай сипатталатынын айтты.
"Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет. Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады", - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары қатар жүруі қажет.
"Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Бұл - бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық - парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады.
Ұлы Абай "Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі" деген. Ал, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады.
Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз Адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге, жас ұрпақты Адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс", - деді Мемлекет басшысы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова