“Жұрттың бетіне тіке қарап жүріппін“. Дана Есеева беташар тойы туралы

Блогер, актриса Дана Есеева "Din Dina show" берген сұхбатында беташар тойы қалай өткенін еске алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Актриса беташар кезінде ешнәрсені түсінбей, аң-таң болғанын жеткізді.

"Менің беташар тойым Зарафшанда, Мейіржан туған жерде өтті. Беташар кезінде мен ешнәрсені түсінбей, келін құқықтарын қорғау қауымдастығын қалай құруға болады деп ойлап тұрдым. Ол жақтағы дүние мен үшін жаңашылдық болды, мұндайды маған ешкім, ешқашан айтпаған екен, Мейіржан да айтпапты. Мен Жезқазған тумасымын, біздің салт-дәстүр басқа. Бізде беташар тойдың алдында өтеді, келін ақ той көйлегімен сәлем сала береді. Ал қазақтың дәстүрі бойынша беташар үйлену тойдан бөлек өткізіледі. Мен онда ата-анамсыз бардым, өйткені беташар тойға қыз жақтың туыстары қатыспайды екен. Беташарға құрбым мен немере әпкеммен бардым, олар мені сырттан бақылап тұрды, оларға қызық болды", - деді ол.

Дана Есеева күйеуі Мейіржан Төребаевтың отбасы Зарафшанда тұратын болғандықтан, салт-дәстүрді өте қатты ұстанатынын айтады.

"Негізі беташар барысы маған да қызық болды, оған қоса, мен үнемі бір нәрсені дұрыс емес істеп жатқан секілді көрінді. Қазір былай істесем, дұрыс емес, келіндер бұлай істемейді, болмайды деп ойлайтынмын. Беташар кезінде менен көзқарасымды төмен түсіріп, жоғары қарамауымды сұрады. Өйткені мен келген кезде жұрттың бетіне тіке қарап жүріппін, сөйтсем, бұл дұрыс емес екен. Маған мұның бәрі біртүрлі көрінді, ыңғайсыз болды. Егер мен де тура осындай дәстүрді ұстанатын отбасыда тәрбиеленгенімде, ешқандай сұрақ болмас еді. Ал менде сұрақ көп болды. Ішімнен бұл туралы қазір сұрауға болмайтын шығар деп жүрдім. Мейіржан да не болып жатқанын түсінбей жүрген, алайда ол мұны көріп өсті. Мейіржан кіші жүзге жатады, ал оларда бәрі осылай өтеді. Сондай-ақ олар Зарафшанда тұрғандықтан, салт-дәстүрді өте қатты ұстанды, бұған дейін де ұстайды. Бұл олар үшін мақтаныш", - деді ол.

Еске салайық, Алматыда Mudarabah Capital қаржылық пирамидасына қатысы бар 12 адам сотталған болатын. Олардың қатарында актриса Дана Есееваның күйеуі, танымал вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов та бар. 

Төребаев пен Шерниязовтан басқа сотталушылардың барлығы дерлік Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша ("Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу") кінәлі деп танылған еді.

Сот үкімі бойынша Мейірхан Шерниязов бір бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға, Мейіржан Төребаев та тек бір бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталған болатын.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз