26 жастағы қарағандылық Айдын Есенгелді екі алпауыт ел - Қытай мен АҚШ арасында тауар жеткізумен айналысып жүрген азамат. Бүгінде оның компаниясы көптеген адамды жұмыспен қамтып, миллиондаған айналым жасап отыр. Massaget.kz тілшісі АҚШ-та жүрген қазақстандық кәсіпкермен сөйлесіп, бизнес әлеміне қалай келгені туралы және кәсіп саласында басынан өткен қиындықтар туралы сөйлесті.
Айдын бала кезінен бастап еңбекке құмар болып, жұмыс істей бастаған.
"Ата-анам мен төрт жасымда, ал әпкем алты жаста болғанда ажырасып кеткен. Осылайша анам әпкем екеуімізді өзі бақты. Анам күндіз білім алып, кешке дүкенде жұмыс істейтін. Алғашқы 5-7 жасымызда анамызды бір үйде тұрсақ та көп көрмейтінбіз. Көбіне әжеміздің тәрбиесінде болдық. Кешке анам жұмыс істейтін дүкенге барсақ, Диснейлендке барғандай болатынбыз.
Өзім спортпен де айналысқанмын. Дзюдодан спорт шеберлігіне үміткермін. Бірақ артынша жарақат алып, немене айналысатынымды ойлана бастадым. Бастапқыда қарапайым кондуктор болып жүрдім. Кейіннен даяшы да болып жұмыс істедім. Сосын Қытайдан тауар алып, сата бастадым", - дейді кәсіпкер.
Оның сөзінше, Айдын мектепте те жақсы оқып, білім алған. Елде ҰБТ-дан жақсы балл жинап, грант жеңіп, оқуға түскен. Ал кәсіппен мектеп жасынан бастап айналыса бастаған екен.
"10-сыныпта балмұздақ сататын аппаратым болды. Сол кездің өзінде iPhone сата бастадым. Достарым Work and Travel бағдарламасы бойынша АҚШ-қа кеткен болатын. Жыл сайын кәсібім ұлғая бастады. Бірақ бірінші курста 3 мың доллардай қарызға кіріп кеттім. Содан кейін қарызымды жабу үшін жұмысқа орналастым. Екінші курста несие алып, Work and Travel бағдарламасы бойынша өзім де АҚШ-қа кеттім. АҚШ-та жұмыс істеп, 15 мың доллардай ақша таптым. Осылайша несиемді жауып, анама ақша беріп, білім алуыма инвестиция құя бастадым. Кәсіпке арналған курстар сатып алдым. Қытай тілін де үйренгім келді. Қайтадан АҚШ-қа барғым келген, бірақ грантқа түсу үшін IELTS тапсыру қажет болды. Көп адам ақылы негізде оқиды, менде, өкінішке қарай, ол үшін қаржы болмады", - дейді Айдын.
Осылайша жас кәсіпкер интернетте Қытай мен АҚШ арасындағы тауар айналымы өсіп жатқанын көріп, Қытайға оқуға түсуге болатынын түсінген.
"Қытайдағы оқу орнына түсіп, тіл үйрене бастадым, әрине, қытай тілі қиынырақ. Ол кезде екі елде - Қазақстан мен Қытайда білім алып жүрдім. Төртінші курста екі диплом алып шықтым. Қытайда болған кезде Қазақстанда компания ашып, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан секілді елдерге тауар жеткізе бастадым. Сол кезде жақсы табыс таба бастадым, өзіме көлік сатып алдым. Отбасыма, анама да көмектестім. 2019 жылы Силикон алқабына шақырту алдым. Себебі қосымша IT-жобалармен айналысып жүргенмін. Өкінішке қарай, Силикон алқабында жүлде алмадым, бірақ бастысы қатысып келдім. Осылайша АҚШ-қа қызыға бастадым. АҚШ-қа да тауар жеткізуді қолға алдым", - дейді кәсіпкер.
Фото: instagram.com/aidyn_yes
Коронавирус пандемиясы Айдын бастаған кәсіпке айтарлықтай әсер еткен.
"Қазақстанға оралып, қашықтан магистратураны аяқтадым. Шекара ашылғаннан кейін қайтадан тауар жеткізумен айналыса бастадым. 2021 жылы АҚШ-қа барып, компания ашып, Қытайдан тауар жеткізумен айналысуды қолға алдым. Біз тауарды Қытайдан ТМД елдеріне және АҚШ-қа жеткізуді іздеумен, сатып алумен айналысамыз. Еуропаға жеткіземіз, бірақ негізінен ТМД елдері мен АҚШ-қа жеткіземіз. Яғни біздің жұмыстың мәні неде? Yes Export Қытайдан АҚШ-қа, ТМД-ға өндірісті ұйымдастыру және жеткізуді басқару бойынша сауда-логистикалық қызметтер ұсынады. Оның ішінде, Amazon-мен жұмыс, Қытайдағы өнімді, өндірушіні іздеу, тауарды сатып алу (alibaba, 1688 сайттарынан), жеке брендімен тауарлар шығару (OEM, ODM), Қытайдағы тауарлар мен фабриканы тексеру, жеткізумен айналысамыз", - дейді Айдын.
Фото: instagram.com/aidyn_yes
Сонымен қатар, Айдынның тәттілер мен фильтрге бағытталған "Yes Candy" және "Yes Filters" атты екі жеке бренді бар.
Кәсіпкер бизнес жүргізу барысында қиындықтар өте көп болғанын айтады.
"Мен үшін 2020 жыл - ең қиын жыл болды. Бар дүниемнен айырылдым деуге болады: қарызымды төлеу үшін көлігімді, үйімді сатып жібердім. Тендермен айналысатын "ағашкалар" келіп, ақша талап етіп, қоқан-лоқы көрсетті. Барымды сатып, бәрін бердім. Себебі Қазақстан-Қытай шекарасы жабылған кезде үлкен кассалық алшақтық болды. Мысалы маған диван сатып алу үшін 50 мың доллар бердіңіз делік. Мен 45 мың долларына диван сатып алдым, бірақ шекарадағы проблемаға байланысты оны ала алмадым. Ал келісімшарт бойынша ол 60 күнде келуі керек, бірақ тауар да, ақша да жоқ. Осы секілді қиын сәттер болды. Соңында әрине бәрін қайтардым", - дейді ол.
Фото: instagram.com/aidyn_yes
Айдын компаниясының қазіргі жетістіктері туралы да айта кетті.
"Ең алғаш табысымды автобуста кондуктор болып жұмыс істеп жүрген кезімде таптым. Мектеп кезінен жұмыс істей бастадым. Анамнан ақша сұрамайтынмын. Керісінше, тапқан табысымды үйге әкелетінмін. Негізі жағдай өте қиын болды. Бірақ қазір, шүкір, бәрі жақсы. Кәсіп орнымен жүріп жатыр. Шүкір деймін. Yes Company-дің 2021 жылғы айналымы - 228 миллион теңге болды. 2022 жылды әлі жаппадық. Шыны керек, кәсіпте ең бастысы - шынайы болу керек, өз сөзіңе жауап бере алу қажет. Қандай жағдай болмасын адамға деген шынайы болу керек. Клиенттің ризашылығы, қызмет көрсетудің жақсы болуы да маңызды", - деп сөзін аяқтады жас кәсіпкер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!