• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Жұртты 78 млн теңгеге сан соқтырған ер адам бар ақшаны бәске тіккен

Жұртты 78 млн теңгеге сан соқтырған ер адам бар ақшаны бәске тіккен
Фото: ІІМ баспасөз қызметі

Тұрғындарды 78 млн теңгеге алдаған БҚО тұрғыны қолға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жай

Батыс Қазақстан облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 25 жастағы жергілікті тұрғынды ұстаған.

Ол 2023 жылдың басынан бері Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының азаматтарын түрлі айламен алдап келген. Күдікті техника мен көлік сатып алу, ұялы телефон сату, тауарлық несиені қолма-қол ақшаға айналдыру және ақшаны көбейту сияқты желеулерді пайдаланып, жұрттың сеніміне кірген.

2023 жылғы қазанда ол Орал қаласының бір тұрғынын тауар несиесін қолма-қол ақшаға айналдырып беремін деп 4 миллион теңгеден аса қаржыға алдап кеткен. Сондай-ақ, сәуір мен қазан аралығында тағы бір қала тұрғынына тұрмыстық техника жеткізіп беремін деп, 4,5 миллион теңгеден аса шығын келтірген.

Полиция пікірі

Тергеу барысында алаяқтың құрбандары негізінен өз таныстары екені анықталған.

"Қазір күдіктіге қатысты 14 алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Келтірілген жалпы шығын көлемі 78 миллион теңгеден асады", - деп жазылған хабарламада.

Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалып, өз кінәсін мойындаған. Ол алдап алған қаражаттың басым бөлігін бәс тігуге жұмсағанын айтқан.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget