Жұртты 10 миллион теңгеден аса шығынға батырған алаяқ Беларусьтен экстрадицияланды

Фото: Видео кадры

Ірі алаяқтыққа қатысы болуы мүмкін күдікті Беларусьтен экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бас прокуратураның қызметкерлері Қазақстанның Беларусьтегі елшілігінің көмегімен күдіктіні Беларусь Республикасынан экстрадициялады.

"Ол 2022 жылғы қаңтардан 2023 жылғы тамызға дейін Түркістан қаласында бір топ адам болып әрекет етіп, кәсіп ашу үшін тегін ақшалай грант алуға көмектесеміз деген сылтаумен 13 азаматтың қаражатын ұрлаған, оларға 10 миллион теңгеден ірі мөлшерде шығын әкелді", - деп жазылған хабарламада.

Бұл қылмыстың сыбайласы сотталған, ал күдікті заңсыз әрекет жасағаннан кейін қашып кеткен, оған халықаралық іздеу жарияланған.

2024 жылғы қазанда ол Беларусьте ұсталып, Бас прокуратураның өтініші бойынша елге экстрадицияланды.

Қазір күдікті Астанадағы тергеу изоляторына қамалды.

Бұл қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркілеу арқылы үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget