“Жұрт тапқан-таянғанынан айырылып қалып жатыр“: Тоқаев Үкімет пен ҚМА-ға тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет агенттік қызметкерлерінің тиімді әрі алаңсыз жұмыс істеуі үшін жағдай жасап жатқанын жеткізді.

"Кадрлық құрам ұлғайып, нығая түсті, материалдық-техникалық қор жақсарды. Жалақы көтерілді, баспана берілді, жалпы көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тапты. Керек болса, агенттік жүйесіне үш генерал шенін қосуға болады деп ойлаймын. Бұл шешім облыстарда жұмыс істеп жүрген нағыз үздік қызметкерлердің мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді. Енді тек білек сыбана жұмыс істеу керек. Әрине, нақты жетістіктер де бар. Халықаралық ынтымақтастық нығайып келеді. Еліміз Financial Action Task Force ұйымының тексерісінен сәтті өтті. Қазақстан 2023 жылдан бері "Эгмонт" тобының қаржылық барлау бірлестігінде Еуразия аймағының мүддесін қорғайды. 20 ірі криптобиржамен сындарлы серіктестік орнатылды. Елімізде блокчейн-талдаумен айналысатын "Криптон" арнайы құрылымдық бөлімшесі ашылды. Бұл – Орталық Азия елдерінде құрылған осындай алғашқы бөлімше. Былтыр қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын 200-ге жуық жалған компания әшкереленді. Олардың заңсыз айналымдағы қаражаты 500 миллиард теңгеден асады. Сексеннен аса қылмыстық топ құрықталды. 100-ден аса қаржы пирамидасы жойылды. Мұның бәрі еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайта түскені сөзсіз", – деді Президент.

Президент қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін ойластыру қажет екенін мәлімдеді.

"Агенттік қаржы пирамидаларымен белсенді күрес жүргізіп жатыр. Тек былтырдың өзінде 140-тан аса қылмыстық іс тергеліп, жарты миллионнан аса адамның қаржысын тартпақ болған 15 мың сайт пен 123 чат жабылды. Алайда қабылданып жатқан шаралар да, түсіндіру жұмыстары да жағдайды түбегейлі өзгерте алмай тұр. Әйтсе де оң үрдіс бар. Неге? Өйткені алаяқтар пирамиданы түрлі қаржы құралдары сияқты ұсынады. Ал азаматтар олардың арбауына түсіп, бар тапқан-таянғанынан айырылып қалып жатыр. Сондықтан қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеп, проблеманың түп тамырын анықтаған жөн. Өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра, адамдарды түрлі алаяқтық схемаларға тартатын пирамида қатысушыларына құқықтық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру қажет. Мұндай алаяқтарды немесе қымсынбай қылмысқа баратын жандарды түрмеге қамап, қылмыстық жазаға тарту керек. Қаржылық мониторинг агенттігі, Үкімет осындай түзетулерді ұсынса, мен қолдаймын. Мәселені қарастырыңыздар. Осы тектес батыл шешімдер қабылдамасақ, ахуалдың оңала қоюы екіталай. "Баяғы жартас – сол жартас" күйінде қала береді", – деді Президент.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз