Әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов аулында орнатылған шыршаның суреті қызу талқыланып жатыр. Пайдаланушылар оны "жыл масқарасы" деп атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұтақтары түсіп қалған, ескірген гирляндалар ілінген тірі шырша Желіде жергілікті жұртшылықтың арасында дау тудырды. Желі қолданушылары мұндай "сұлулыққа" қанша ақша жұмсағанына жауап беруді талап етті.
"Шырша бюджет есебінен емес, тегін орнатылды. Жаңасын, жасандысын қоямыз. Бірден айта кетейін, бұған бюджеттен ақша қарастырылмаған. "Ұлан" қоры бар. Осы қордың қаражатына отырғызатын шығармыз. Әзірге белгісіз. Бүгін шыршаны алып тастадық, ертең жаңасын қоямыз", - деді Ұлан ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.
Шыршаны бір күн бұрын осы ауылдың тұрғыны ауласынан қазып алып тастауды сұраған, себебі ағаш күн сәулесін жауып тастаған, сондықтан әйел оны кесуді сұрапты.
Әкімдік қызметкерлері шыршаны кеспей, оны Жаңа жылға сәндеу үшін қазып, қайта отырғызуды ұйғарды. Бірақ ауыл тұрғындары шыршаны ұнатпады.
ШҚО ақпарат орталығы бұл шыршаны бір ғана мақсатпен - ағаш өліп қалмауы үшін орнатылғанын айтып, бұл дерекке қатысты пікір білдірді. Сонымен қатар, ақпарат орталығы Шығыс Қазақстан облысының барлық елді мекенінде Жаңа жылға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!