- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жұрт “инфосығандардан“ мезі...
Жұрт “инфосығандардан“ мезі болды - депутат
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы қазір блогерлер мен "инфосығандардың" дәурені жүріп тұрғанын, халық бұдан мезі болғанын айтты. Депутат премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Хайп қуу әдеткі дүниеге айналды - депутат
Жарқынбек Амантайұлының сөзінше, әлеуметтік желіде түкке тұрғысыз дүниені түйенің құнына өткізіп жіберетіндер көбейген.
"Біз қазір интернет - білім мен ақпараттың көзі ғана емес, жалған ақпарат пен алдап-арбаудың, орынсыз бопсалап, адам өмірін тас-талқан етудің құралы болып отырғанын көріп жүрміз. Блогерлікті бопсалау мен қыспақтаудың құралы қылып, біреудің абыройын төгіп, сүрінгенін суреттеуді батырлыққа балап жүргендер баршылық", - деді депутат.
Сонымен қатар, ол жуырда Атырауда көз жұмған күзетшіге қатысты оқиғаны еске алды.
"Таяуда Атырауда соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиға. Қоғамдық тәртіпке бағынуға шақырған күзетшінің ар-намысын аяусыз таптаған блогерсымақтың әрекетінен соң азаматтың қан қысымы көтеріліп, жүрегі тоқтап қалған. "Сөз - сүйектен өтеді". Ақыры орынсыз дарақылықтың салдарынан бір әулет қара жамылды. Жалпы мемлекеттік қызметте немесе ел алдында жүрген азаматтардың басқан қадамын аңдып, көп алдында масқаралап, хайп қуу әдеткі дүниеге айналды", - деді ол.
Атырауда блогерлер келемеждеген күзетшінің қан қысымы көтеріліп, қайтыс болды
"Жұрт "инфосығандардан" мезі болды"
Мәжіліс депутаты әлеуметтік желіде түрлі тақырыпта курс сататындарды да сынға алды.
"Қоғамды дүрліктірген тағы бір маңызды мәселе - әлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбеюі. Байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде "бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын, тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін" деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар, блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздырып жатыр. "Аңқау елге - арамза молда" демекші, олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар. Оларды ауызекі тілде "инфосығандар" деп атайды", - деді ол.
Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, халық олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып жүр.
"Кейбір деректерде еліміздегі осындай инфобизнестің жылдық айналымы 500 миллион АҚШ доллары болатыны айтылған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 миллиард долларға жетуі мүмкін дейді. Айтпақшы, олар мемлекетке салық төлей ме, өзі?! Тіпті инфосығандардан мезі болған жұртшылық оларға тыйым салу мақсатында 2023 жылғы 23 қарашада петиция да жариялаған екен. Өкінішке қарай, қараусыз қалса керек", - деді ол.
Депутат былтыр Мәжіліс қабырғасында қабылданған "Онлайн платформа және онлайн жарнама" туралы заң жобасының орындалуы осал болып жатқанын айтты.
Депутаттың ұсынысы
Депутат осы мәселеге қатысты бірқатар ұсыныс жасады:
- Үкімет, ең алдымен, инфобизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясын және заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейтіп, заңбұзушылықтарға жедел әрекет етуі қажет.
- Екіншіден, "Онлайн платформа және онлайн жарнама туралы" заңға сәйкес жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттік толық берілуі тиіс. Осы уақытқа дейін заң аясында қанша адам жауапкершілік жүктегені жайлы статистиканы ашып көрсету маңызды.
- Үшіншіден, бизнес-тренерлер мен коучтар үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс.
- Төртіншіден, халық арасында интернет алаяқтардан, инфосығандардан қорғанудың амалдарын түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитетіне ресми сауал жолдап, Қазақстанда қанша блогер барын, олар қанша теңге салық төлегенін анықтадық.
Анықтама: Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, блогерлердің қызметіне салық бақылауын жүргізу үшін 745 адамның тізімі жасалған. Соның ішінде:
- 499-ы жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, яғни 67 пайызы;
- 246-сы жеке тұлға, яғни 33 пайызы.
"Тізімге Instagram, Youtube, TikTok желілерінде 20 мыңнан аса жазылушысы бар жеке тұлғалар енгізілген", - деп жазылған еді министрліктің Massaget.kz-ке жауабында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова