- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жұрт алдында жауап...
"Жұрт алдында жауап бересіздер". Тоқаев депутаттарға ескерту жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында депутаттардың алдында қандай міндет тұрғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қысқасы, депутаттарға бір ғана маңызды міндет жүктеледі. Яғни, әрдайым өзгерістердің бел ортасында болу керек. Сіздер шешім қабылдайсыздар және сол үшін жұрт алдында жауап бересіздер. Халықтың мүддесін тиімді қорғау және еліміздегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату қажет.
Еліміздің негізгі басымдықтарын баршаңыз жақсы білесіздер. Бұл - тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Сол арқылы тамыры тереңде жатқан мемлекеттілік дәстүрімізді нығайта түсу. Осы орайда мен Парламенттің алдағы жұмысы туралы ойымды ортаға салғым келеді", - деді Президент.
Айта кетейік, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы 19 наурызда өткен Мәжіліс сайлауының ресми қорытындысын жариялады. Сайланған партиялар Мәжілісте қанша мандат алғаны және бір мандаттың қайсы Парламенттің төменгі палатасына өткені белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова