Жазушы Жылқыбай Жағыпарұлы дүниеден өтті. Бұл туралы әлеуметтік желіде Ғалым Қожабеков жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бақұл бол, Жықа! Жігіттің төресі еді, азаматтың жайсаңы еді, журналистің жампозы еді, қарымды жазушы еді, пышақтай өткір еді, найзағайдай намысты еді... Жол сілтеген ұстаз еді, аңқылдаған аға еді... Қайран жалған дүние... Жылқыбай Жағыпарұлы ағамыз да қас-қағымда дүниеден өтіп кетті...", - деп жазды журналист.
Жылқыбай Жағыпарұлы 1954 жылдың 11 қыркүйегінде Қарағанды облысы Қарқаралы топырағында дүниеге келді. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген соң Ақмола облыстық "Арқа ажары" газетінде 30 жылға жуық жемісті еңбек етті.
Республикалық "Тіл және мәдениет" қоғамының құрылуына мұрындық болып, ұйымдастыру комитетінің төрағасы болды. 2005-2007 жылдары республикалық "Ел" газетінің бас редакторы қызметін абыроймен атқарды. 2007 жылдан бастап, зейнет жасына жеткенге дейін республикалық "Egemen Qazaqstan" газетінде қызмет атқарды.
Қазақстан Жазушылар және Қазақстан журналистер одағының мүшесі Жылқыбай Жағыпарұлы "Құрмет" орденімен марапатталған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!