Салалық журналистерді оқыту жұмыстары басталды. Бұл бағыт жоспарлы және жүйелі түрде жалғаспақ. Салалық журналистиканы оқытудың салалары да кеңеймек. Осылай деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халық алдында есеп беру кездесуінде.
Оның айтуынша, саланың кадрлық әлеуетінің кәсіби деңгейін арттыру саласында жүйелі жұмыс басталды.
"2020-2021 жылдарға арналған медиасала мамандарын оқыту жөніндегі арнайы жоспар" әзірленді. Ең алдымен, бұл салалық журналистикаға қатысты. Салалық журналистердің дайындық деңгейін арттыру мақсатында жоғары оқу орындарымен 4 меморандум жасалды. Журналисттердің кәсіби біліктілігінің артуына біздің министрлік мүдделі. Бұл – БАҚ-ты қолдаудың, кәсіби журналистерге көмек көрсетудің көрінісі. Жыл басынан бері салалық журналистика бойынша 3 топ оқылып шықты. Көбі онлайн форматта өткендіктен, көп журналист қатысты. Әсіресе, аймақтағы журналистердің қатысуына мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде аймақтық журналистиканың дамуына көмектесті", - деді Аида Балаева.
Биылғы салалық журналистика курстары медицина, IT технология, дін, экология салалары бойынша өткен.
Салалық тізім әлі де кеңейеді. Мәселен, жоғары оқу орындарымен келісіп, ауыл шаруашылығы және ұлтаралық қатынастар саласы бойынша журналистерді оқыту жоспарда тұр. Бұл жұмыстар жүйелі және жоспарды түрде жүзеге асырылады, - деп атап өтті ақпарат министрі.
Айта кеткен жөн, өткен жылы БАҚ пен ақпаратқа қол жетімділік бойынша біршама заңнамалық өзгерістер болған еді. 2020 жылғы 30 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң қабылданды. Заң мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың тиімділігін ғана емес, сонымен қатар БАҚ-тың коммерциялық мүмкіндіктерін де арттыруға жағдай жасайды
"Бұқаралық коммуникация құралдары туралы" Заңды жетілдіру шараларын қамтитын ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған ұлттық жоспар бекітілді. Ұлттық жоспар ақпарат саласының жүйелі проблемаларын, оның ішінде "Бұқаралық коммуникация құралдары туралы" заңды жетілдіру жолымен шешу жөніндегі шараларын кешенін көздейді
"Біз қазір ақпараттық дәуірде өмір сүріп жатқанымыз белгілі. Бұл дәуірдің талабына жұтылып кетпей, көшінен қалмау әрі одан оза шабу өте маңызды. Ақпарат саласының дамуы үшін де, күнделікті мәселелерді шешу үшін де қажет. Өзекті және жұмыс істейтін нормативтік-құқықтық негіз болмаса, әлемдік ақпараттық кеңістіктен тыс қалу қаупі бар. Сондықтан министрлік тарапынан осындай заңнамалық бекіту амалдары жасалды", - деп түсіндірді Аида Балаева.
Қазіргі уақытта "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заң бойынша мемлекеттік органдардың барлық нормативтік-құқықтық актілері НҚА порталында жарияланып, қоғамдық талқылауға салынды.
"Қоғам мүшелерінің талқылауға белсенді қатысып жатқаны қуантады. Бұл қаулы мен жарғының сапасын, жүзеге асыру механизмін жақсартатыны анық. Заң жобасы дайын. Жақында қоғамдық талқылауға шығарылады", - деп жауап берді ақпарат министрі "БАҚ туралы" заңға қатысты сауалға.