Журналистер мен журналистикаға қызығушылығы бар жастардың бас қосуы

Журналистер мен журналистикаға қызығушылығы бар жастардың бас қосуы
Фото: massaget.kz

13 ақпан – бүкіләлемдік радио күні. БАҚ саласының қызметкерлері үшін маңызы жоғары бұл мереке Алматы төрінде Орталық Азиядағы 5 мемлекеттің қатысуымен өтіп жатыр. Айтулы мерекенің қарсаңына, яғни 6-9 ақпан күндеріне жоспарланған шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті ұйымдастырды. Халықаралық деңгейде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын мерекелік шара биыл Алматы облысы, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық саябағындағы "Тау-Тұран" білім беру-сауықтыру кешенінде алтыншы мәрте өтіп жатыр. "Жастар жылының" аясында өткен шараға Massaget.kz редакциясы арнайы барды.

Іс-шараның ұйымдастырушысы ҚазҰУ-дағы Журналистика факультеті, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаеваның айтуынша, жиынға барлығы 170 адам қатысқан.

– Бұл шара түрлі қиындықтарға қарамастан өз миссиясын толықтай атқарып жатыр. Негізгі мақсатымыз – Халықаралық радио күнін атап өту. Жиынға Қазақстанның 9 облысынан, Орталық Азияның 4 мемлекетінен және тағы басқа алыс-жақын шет елдерден студенттер мен оқушылар, білікті мамандар қатысуда, - дейді Гүлмира Серікбайқызы.

ЮНЕСКО-ның Кластерлік Бюросының қолдауымен өтіп жатқан VI Халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебінің биылғы тақырыбы – «Радио – толеранттылық, диалог және бейбітшілік». Жиынға арнайы шақырылған спикерлер осы тақырып аясында оқушылар мен студенттерге ақыл-кеңестерін, жылжыған жылдар өте жиналған тәжірибелерімен бөлісті. 7 қаңтар күні өткен басқосуда белгілі тележүргізуші Гүлнәз Әлімгерей, Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасының бас редакторы Марғұлан Ақан, informburo.kz сайтының журналисі Жолдас Өрісбай, «Skills Academy» ЖШС директоры Берікбол Төлеген және massaget.kz сайтының журналистері Өмірбек Сансызбай мен Ернар Алмабек сөз сөйледі.


Тренинг барысында тың идеялар ұсынып, көп арасында белсенділік танытқан атыраулық Толғанай Бекболатқызы спикер Берікбол Төлегеннің арнайы дайындаған сыйлығына ие болды. Толғанай қазақтілді баспасөзде қызмет етіп жүрген журналистердің дәрістерінен ерекше әсер алған жеткізді.

Мен бұл іс-шараға өткен жылы қатысқым келді. Алайда, сәті түспей келе алмадым. Араға жыл салып, қатарластарыммен, журналистика саласында өзіндік атын қалыптастырып үлгерген аға-әпкелермен жолыққаныма қуаныштымын. Дәріс барысында болашақ журналистерге  пайдасын тигізетін талай ақпарат айтылды. Әсіресе, веб-сайт және радио саласы бойынша ақыл-кеңестерін айтқан қазақтілді журналистерге алғысым шексіз, - дейді атыраулық студент.

Қысқы мектеп аясында ұйымдастырылып жатқан студенттер мен оқушыларға арналған тренингтер 8 күні де жалғасын табады. Ал Орталық Азиядан келген делегация үшін «Мәдениет диалогы» тақырыбында поэзия туындылары оқылады.

А. Қажиев