Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев қыз зорлады деп күдікке ілінген Талдықорған полиция басқармасының басшысының ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл дерек негізінде тексеріс жүргізілгенін атап өтті.
"Кеше Жетісу облысының полиция басшыларына қатысты шешім жарияланды. Бұл оқиға бойынша ұят жағдай анықталды. Оны мойындау керек. Күдікті полицейдің ойында не жүргенін біле алмаймыз. Осыған дейін тексерістен талай өткен болатын, яғни біраздан бері қызметте жүрген адам. Бірақ осындай теріс әрекеті анықталып жатыр. Оның жауапкершілігі тергеу амалдары мен сот шешімі нәтижесінде анықталады", - деді министрдің орынбасары Сенат кулуарында.
Сондай-ақ Марат Қожаевқа "Бұған дейін де ол қарамағындағы қызметкерлерді балағаттап, басы дауға қалған болатын. Сол кезде ол неге қызметінен босатылмады?" деп сұрақ қойылды.
Ол бұл оқиға бақылауда болғанын жеткізді.
"Бұл оқиға кезінде оның лауазымы төмендетілді. Содан кейін қызметін атқара келе, соңғы лауазымына тағайындалды", - деді министрдің орынбасары.
Сонымен қатар оған "Полицейлер арасында осындай жағдайдың қайталанбауына кім кепілдік береді? Мұны сіздер қалай тексересіздер? Ашылмай жатқан қыз зорлау деректері бар шығар" деген сауал жолданды.
"Сұрақтарыңыз керемет! Мен жаңа ғана айттым. Адамның басына кіріп, жүрегінен шығатын технология жоқ. Кейбір кезде сіздердің араларыңыздағы журналистер де қылмыс жасайды. Жауапқа тартылып жатқанын естіп жатқан шығарсыздар", - деді ол.
Осы уақытта Марат Қожаевқа "Талдықорғандағы қыздың зорлануына қатысты ІІМ халықтан кешірім сұрай ма?" деп сұрақ қойылды. Оған сауал ұнамағандай көрінді.
"Министрдің кінәсі қандай? Кінәлі адам заң бойынша жауапқа тартылып жатыр. Бәріміз заң алдында теңбіз. Сұрақтарыңыз қайталанып жатыр. Мен бәріне жауап бердім", - деп министрдің орынбасары сұраққа жауап берместен кетіп қалды.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!