Журналист Вадим Борейко операторының көлігін өртеген күдікті қамауға алынды

Журналист Вадим Борейконың әріптесінің екі көлігін өртеп жіберді деген күдікті қамауға алынды. Ақпаратты Алматы соты растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт қойды деген күдікті екі айға қамауға алынған. Мұндай санкцияны Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты шығарған.

"Биыл 23 ақпандағы сот ұйғарымымен соталды тергеп-тексеру органының өтінішхаты қанағаттандырылып, күдікті Ж.-ға қатысты екі ай мерзімге "қамау" түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды", - деді қалалық сот.

Еске салайық, 20 ақпанда "Гиперборей" Youtube-арнасының авторы, журналист Вадим Борейко әріптесінің екі көлігі өртенгенін айтты.

Ал бір ай бұрын журналист Вадим Борейко өз үйінің есігіне белгісіз біреулер желім жағып кеткенін хабарлады.
 
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!