- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Журналист, саяхатшы, блогер...
Журналист, саяхатшы, блогер Динара Болат психологияға қалай келгені туралы айтты
Журналист, танымал блогер Динара Болат Айнұр Ілиясованың "Мамский әңгіме" бағдарламасында қонақта болып, психология мен саяхатқа қалай келгені туралы айтып берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әуелі кейіпкер өзінің отбасы мен балалық шағынан сыр шертті.
"Ақтөбеде өмірге келдім, алайда өзімді Оралдың тумасымын деп таныстырамын. Әкем дәрігер. Бала кезімде 4-5 жасыма дейін жүрмегенмін. Анам баққан. Ауру баланы бағу деген бөлек қой. Мені сыртқа шығаруға қысылады. Ата-анамның қалай қиын жолдан өткенін кейін түсіндім. Сені бақтық деп міндетсінбеді, соған алғыс айтамын", – деді Динара Болат.
Оның психология саласына келуіне анасымен қарым-қатынасы себеп болған екен.
"Інім дүниеге келген соң анам шаршағанын, қиналғанын ұмытқысы келіп, ініме назарын бағыттап, мен әкемнің қызы болып қалдым. Ана мен қыздың арасындағы текетірес, бағынбау жасөспірім кезеңге дейін жалғасты. Психологияға келуіме, кітап жазуыма осы оқиғалар себеп болды", – деп сырын айтты ол.
Ал саяхаттап бастауына балалық шағындағы арманы көмектескен екен.
"Ауылда тұрдық. Мал бағу, ата-анаға көмектесуден қиналғанда, осы қиындықтың бәрін тастап, қалаға кетемін деп айтатынмын. Боқ сүйреп бара жатсам да ойымда қызыл вертолет болатын. "Ешқашан ауылда тұрмаймын» дейтінмін. Екі балам өмірге келіп, декреттік депрессияда жүргенде, балалық шақтағы армандарым есіме түсті. Менің саяхаттағым келетін еді ғой деп ойладым. Саяхатым алғаш осылай басталды", – деді ол.
Еске салайық, жақында Қытай еліне саяхаттаған Динара Болат елдің ерекшелігі туралы айтып берген болатын.
Қытай – соңғы елу жылдың ішінде экономикалық жағынан жылдам дамып, зор өзгеріс енгізген ел. Осыған дейінгі тарихына көз жүгіртсек, түрлі қиындықты бастан кешті. Психолог және жиһанкез блогер Динара Болат Қытай елі жайлы қызықты фактілер ұсынды.
"Қытайды зерттей бастағанда алғаш мені шок қылған мәлімет – оның 19 мемлекетпен шектесетіндігі болды. Әдетте еске тек Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Үндістан ғана көршісі боп елестейді. Екінші шок қылғаны – құрамында 55 ұлттың, 44 автономиясының болуы. Тура АҚШ секілді құрақ-құрақ", – деп жазған еді блогер.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Д. Ибраева