Журналист Ботагөз Омароваға қатысты іс тоқтатылды

Қазақстандық журналист Ботагөз Омароваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл ақпаратты Астана Полиция департаменті растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полицияның мәліметінше, Ботагөз Омарова үйқамақтан босатылған.

"Астана Полиция департаменті тараптар татуласуына байланысты Б.Омароваға қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Бұлтартпау шарасының күші жойылды. Процессуалдық шешімді прокурор бекітті", - деді Астана Полиция департаменті өкілі.

Бұған дейін Ботагөз Омарова Telegram арнасында жазба жариялап, көрінеу жалған мәлімет таратқанын растап, кінәсін мойындап, өкініш білдірді. Журналист өз аудиториясынан кешірім сұрады.

Айта кетейік, наурызда астаналық журналист Ботагөз Омарова көрінеу жалған ақпарат тарату ісі (Қылмыстық кодекстің 274-бабы) бойынша үйқамаққа алынған болатын. Оған қатысты қылмыстық іс қозғауға нақты қандай материал негіз болғаны ресми түрде хабарланбады.

Журналистер Ботагөз Омарованы қорғап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан істі жеке бақылауына алуды сұрады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!