- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Журналист Айдос Садықовқа...
Журналист Айдос Садықовқа Киевте жасалған қастандық: Бас прокуратура мәлімдеме жасады
Бас прокуратура журналист Айдос Садықовқа Киевте жасалған қастандыққа қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша а.ж. 18 маусымда Киевте болған Айдос Садықовты өлтіруге қастандық жасау фактісі бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Қылмыстық іс бойынша тергеу-жедел тобы құрылды, онда қылмысты ашуға және күдіктілерді ұстауға бағытталған қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Қазақстанның Бас Прокуроры Украинаның Бас прокурорының атына осы қылмысты ашуға барынша тәжірибелі қазақстандық тергеушілерді тарта отырып, барлық көмек көрсету туралы ұсыныс жасаған болатын. Бас прокуратура қылмыстық істі тергеу барысын ерекше бақылауға алды.
Бұған дейін Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли журналист Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты тергеудің мемлекет басшысы жіті бақылап отырғанын айтты.
Еске салайық, Айдос Садықовтың әйелі Наталья Садықова өлтірмек болған күдіктілер ұсталғанын хабарлаған болатын. Оның сөзінше, журналисті өлтіруге екі адам оқталған.
Наталья Садықованың сөзінше, күдіктілердің бірі - Қостанай облысының Ішкі істер департаментінде жұмыс істейтін Мейрам Қаратаев болған. Алайда Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Мейрам Қаратаевқа қатысты: оның 2019 жылдың қаңтар айында ішкі істер органдарынан босатылғанын және қазіргі уақытта полиция қызметкері емес екенін хабарлаймыз. Қазір біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес істің барлық мән-жайларын анықтау бойынша тиісті жедел іс-шаралар жүргізудеміз. Осы жұмыстың нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі", - делінген ІІМ хабарламасында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина