Жүргізушісіз жүк көліктері, Амур жолбарыстарын жерсіндіру: Тоқаев пен Путинге маңызды жобалар көрсетілді

Жүргізушісіз жүк көліктері, Амур жолбарыстарын жерсіндіру: Тоқаев пен Путинге маңызды жобалар көрсетілді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге екі елдің сауда-экономикалық жобалары таныстырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан мен Ресей президенттеріне өнеркәсіп кооперациясы саласындағы бірлескен жобалар көрсетілді. Бүгінде елімізде 3,5 мың бірлескен кәсіпорын және ресейлік капиталы бар 17 мыңнан аса компания жұмыс істейді.

Қазақстан мен Ресей өнеркәсіп кооперациясының портфелі жалпы құны 52,7 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жобадан тұрады. Осы арқылы 60 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ.

Жобалар металлургия, мұнай химиясы және машина жасау салаларында табысты жүзеге асырылып жатыр. Павлодар облысында теміржол саласындағы бағыттама бұрмаларын және тұтас илектелген дөңгелектер өндіруге арналған кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

Ең ірі жобалардың бірі – Атырау облысындағы полипропилен өндірісі. Қарағанды облысында бірлескен шина зауыты, Қостанай облысында шойын құймаларынан жүк көліктерінің бөлшектерін шығару жобасы іске қосылды. Қазір химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және шикізат өңдеуді дамыту бағытында жалпы сомасы 10 миллиард доллар болатын 24 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл өндірістерді іске қосу жаңадан 11 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қазақстан мен Ресей басшыларына "Астана – Мәскеу" жүргізушісіз жүк көлігі автобағытының іске қосылуы көрсетілді.

Екі елдің Көлік министрліктері "КамАЗ" жария акционерлік қоғамымен бірлесіп, жүк көліктерінің жүргізушісіз қозғалысын сәтті іске қосты. Көліктер "Жаңа жол" өткізу бекеті арқылы Қазақстан-Ресей шекарасын бір уақытта кесіп өтіп, межелі пунктке қарай сапарын жалғастырды. Жүргізушісіз жүк көліктері әлемде алғаш рет осындай форматта үш мың шақырымға жуық қашықты екі тәулікте жүріп өтіп, сапар уақытын екі есе қысқартты. Жаңа технологияларды қолданудың арқасында бұл бағыт екі тәулік ішінде еңсерілді. Әріптестікті тереңдету мақсатында тараптар жобаны одан әрі дамытатын институционалдық база мен қажет инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстарын жалғастыра береді.

Қазақстан мен Ресей президенттеріне Амур жолбарыстарын жерсіндіру жобасы таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге көрсетілген бейнероликте төрт Амур жолбарысын "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерваты аумағына жіберу сәті таспаланған.  

Жолбарыстарды бақылап отыру үшін табиғи ортаға жібергенге дейін оларға жерсеріктік қарғыбау орнатылды.  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы қарашада Ресейге жасаған мемлекеттік сапары кезінде Қазақстанға Амур жолбарыстарын әкелуге әзірлік және жеткізілген түз тағыларының бастапқы бейімдеуден өтуі бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Осы уағдаластықтарға сай Ресей тарапы төрт Амур жолбарысын берді.  

Бұл бастама Қазақстандағы жолбарыстар популяциясын қалпына келтіруге және әлемдегі биоалуантүрлілікті сақтауға зор үлес қосады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget