Ішкі істер министрлігі орташа жылдамдық бақыланатын учаскелердің санын арттырады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында қабылданған шаралар нәтижесінде жол апаты төмендегені байқалғанын мәлімдеді:
- жол апатының саны 5 пайызға;
- қаза тапқандар саны 15 пайызға;
- зардап шеккендер саны 6 пайызға азайған.
"Жасанды интеллектіні қолдану арқылы көліктерге бақылау жүргізіледі. 8 сағаттан артық рөлде отырған адамдар, сондай-ақ, ұрланған көліктер анықталып жатыр. "Қорғау" жүйесі арқылы іздеуде жүрген, жалған нөмір тағып алған көліктерді анықтаймыз. Жол ережесін бұзуды автоматты түрде анықтайтын жүйелерді дамытып жатырмыз. Олардың санын 28 мыңнан 32 мыңға дейін жеткіздік", - деді Ержан Сәденов.
Сонымен қатар, ол республикалық жолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі қолданылатынын айтты. Министрдің сөзінше, дәл осы жүйе орнатылған учаскелерде жол апатының саны 10 пайызға, қаза тапқандар саны 33 пайызға, жарақат алғандар саны 12 пайызға азайған.
"Бүгінде бұл жүйе ұзындығы 2 800 шақырым болатын 12 учаскеде бар. Жыл соңына дейін Көлік министрлігімен бірге тағы 16 учаскеде (осы жүйені - еск.) орнатамыз. Ол қосымша 2 800 шақырымды қамтиды. Осылайша, орташа жылдамдықты өлшейтін құралдар 28 учаскеде орнатылады", - деді министр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова