Ақтөбе облысындағы Ырғыз–Шалқар тасжолында жылдамдықты сақтау туралы ескерту панносы орнатылды, алайда жүргізушілер арасында бұл ескерту әзілге айналды: жолдың қазіргі жағдайы жылдам жүруге онсыз да мүмкіндік бермейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде қызық жағдай талқыланып жатыр: жолдың бір бөлігінде жылдамдықты сақтауға және сақ болуға үндейтін панно қойылған. Бірақ жол төсемі әбден тозғандықтан, жүргізушілер тіпті қалаған күннің өзінде жылдамдықты асыра алмайды.
Видеодан жолдың шұңқырға толы екенін, асфальттан түк қалмағанын көруге болады.
"Ол жерде сағатына 60 емес, 30 шақырыммен жүрудің өзі қорқынышты. Көлікті аяйсың", "Бұл тасжол емес, тірі қалу квесті сияқты", "Ең қауіпсіз жер осы - өйткені бұдан жылдам айдай алмайсың", - деп әзілдейді қолданушылар.
"ҚазАвтоЖол" компаниясының Ақтөбе филиалы видеода көрсетілген аумақтың Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз республикалық маңызы бар тасжолы екенін түсіндірді. Жол 1960–1970 жылдары салынған, жалпы ұзындығы 401 шақырым және үшінші техникалық санатқа жатады.
Панно 2021 жылы ауыр жол апатынан кейін жол полициясымен бірлесіп орнатылған.
"Бұл учаске қауіпті, себебі мұнда өр мен ылди көп, сонымен қатар, жол төсемінің жағдайы нашар. 2021 жылы мұнда жол апатынан 4 адам қаза тауып, тағы 6 адам жарақат алған болатын. Осыған байланысты жүргізушілердің назарын аударып, ереже сақтауға үндеу үшін жол полициясымен бірге панно орнату туралы шешім қабылданды. 2024 жылға дейін бұл автожолдың 110 шақырымына асфальт төселді. Биыл тағы 40 шақырымына орташа жөндеу жүргізу жоспарда бар", - деп түсіндірді "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ Ақтөбе филиалының бөлім бастығы Аслан Кәпенов.
Компания өкілдері тасжолды шынымен жөндеу керегін мойындап отыр.
Кәпеновтің мәліметінше, 2026 жылы өңірдегі 221 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Тізімге Қарабұтақ – Қостанай, Солтүстік айналма жолы, Ырғыз – Қызылорда облысының шекарасы (87-ші шақырым), сондай-ақ, Ақтөбе – Орск (24-ші шақырым) тасжолдарының учаскелері енген.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!