Жүргізуші куәлігінен айырылған адам көлік тізгіндесе қандай жаза алады?

Жүргізуші куәлігінен айырылған адам көлік тізгіндесе қандай жаза алады?
Фото: Tengrinews.kz

Қазақстанда соңғы бес күнде полиция көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған 245 жүргізушіні ұстады. Олардың 115-і әкімшілік қамауға алынып, тағы 130 адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды Massaget.kz Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Құқықбұзушылық анықталған 245 көліктің бәрі арнайы айып тұрағына қойылды.

ІІМ көлік басқару құқығынан айыру автомобиль жүргізуге толық тыйым салынатынын білдіретінін атап өтті. Мұндай жүргізушілерге ешқандай ерекшелік қарастырылмаған.

«ІІМ ұстанымы айқын: құқығынан айырылған жүргізуші көлік тізгініне отыра алмайды. Ешқандай ерекшелік жоқ. Полиция мұндай жүргізушілерге қатаң шара қолданады», — дейді ІІМ.

Қандай жаза қолданады?

Қазақстанда жүргізуші куәлігінен айырылған адам көлік басқарса, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабы бойынша жауапқа тартылады:

  • алғаш рет — 50 АЕК (2026 жылы 216 250 теңге) айыппұл немесе 10 тәулікке әкімшілік қамау;
  • бір жыл ішінде қайталанса — 70 АЕК (302 750 теңге) айыппұл немесе 15 тәулікке әкімшілік қамау.

Жазаның нақты түрін сот белгілейді. Көлікті мұндай адамға біле тұра берген көлік иесіне де 50 АЕК (216 250 теңге) айыппұл қарастырылған. Ал жүргізуші мас күйде болса, іс әкімшілік жазамен шектелмей, қылмыстық жауапкершілікке ұласуы мүмкін.

Айта кетейік, Ақмола облысында 2031 жылға дейін көлік басқару құқығынан айырылған ер адам қайтадан рөлге отырған. Бұл жолы ол мас күйде болған. Нәтижесінде ер адам өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget