Жүргізуші куәлігін сатып алған 21 адамның құжаты жарамсыз болып қалды

Жүргізуші куәлігін сатып алған 21 адамның құжаты жарамсыз болып қалды

Таразда жүргізуші куәлігін заңсыз сатқан 7 адам сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жай

2023 жылы қыркүйекте полиция жедел іс-шаралар барысында Тараз қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (МХҚКО) жүргізуші куәлігін заңсыз сатқан адамдарды әшкереледі.

МХҚКО-ның 2 қызметкері, 1 бағдарламашы маман, 4 делдал алдын ала сөз байласу арқылы Жамбыл, Түркістан және Алматы облысының 21 тұрғынына заңсыз жүргізуші куәлігін жасаған. Олар бұрын емтихан тапсыра алмай жүрген, сондықтан көлік жүргізу құқығын алмаған.  

Тараз қалалық МХҚКО-ның қызметкері сыбайласы саналатын Алматы қалалық МХҚКО-ның бағдарламашы маманы арқылы Түркістан облысының тұрғыны практикалық емтихан тапсырмағанына қарамастан, оның емтиханнан сәтті өткенін ақпараттық жүйемен растаған.

"Емтихан тапсырушылардан 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейінгі көлемдегі ақша түрлі облыстардың делдардары арқылы Тараз қалалық МХҚКО-ның қызметкеріне жиналып, араларында өзара бөлінген", - деп жазылған хабарламада.

Сот шешімі

27 ақпанда Тараз қалалық №2 сотында МХҚКО-да заңсыз жүргізуші куәлігін сатқан адамдарға айыптау үкімі шықты.  Сот үкімімен кінәлілерге 3,6 жыл мен 4,6 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, шартты деп танылды.  

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.  

Сондай-ақ, жүргізуші куәліктері жарамсыз деп танылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!