Қазақстанда жол жүрісі қағидаларын білу бойынша теориялық емтиханды қашықтан тапсыруға арналған пилоттық жоба іске қосылды. Енді жүргізуші куәлігін алғаш рет алатын азаматтар тестілеуден ноутбук немесе компьютер арқылы үйден өте алады, деп хабарлайды Massaget.kz.
Онлайн емтиханды кімдер тапсыра алады?
Өтінім қабылданар алдында жүйе үміткердің талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Онлайн емтихан тапсырушы:
- Астана қаласында тұрақты тіркелген;
- бұрын жүргізуші куәлігін алмаған;
- көлік басқару құқығынан айырылмаған;
- автомектепті аяқтағаны туралы жарамды куәлігі бар;
- қолданыстағы медициналық анықтамасы бар;
- диспансерлік есепте тұрмаған болуы керек.
Өтінім қалай беріледі?
Қызметті пайдалану үшін eGov Mobile қосымшасынан «ХҚКО қызметтері» бөліміне кіріп, «Теориялық емтиханды онлайн тапсыру» қызметін таңдау қажет.
Одан кейін:
- Жүргізуші куәлігінің санатын көрсету;
- 1414 нөмірінен келген SMS арқылы дербес деректерді пайдалануға келісім беру;
- Қызмет ақысын төлеу;
- eGov жеке кабинетінен емтиханға арналған сілтемені алу керек.
Емтихан қалай өтеді?
Теориялық емтихан 40 сұрақтан тұрады. Оларды орындауға 40 минут беріледі. Сынақтан сәтті өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру қажет.
Емтиханды күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін тапсыруға болады. Тестілеуді сағат 19:20-дан кешіктірмей бастау керек.
Әр өтінім бойынша бір рет тапсыру мүмкіндігі беріледі. Қажетті балл жиналмаса, келесі әрекетті келесі күннен бастап жасауға болады.
Негізгі тест басталар алдында үміткер түстерді ажырату қабілетін тексеретін сынақтан өтеді. Емтихан аяқталғаннан кейін дұрыс жауаптар саны және «Тапсырды» немесе «Тапсырмады» деген нәтиже бірден көрсетіледі. Бұған дейінгі емтихандар тарихы «Менің өтінімдерім» бөлімінде сақталады.
Емтихан қалай бақыланады?
Онлайн тестілеу ExamApp қосымшасы арқылы өткізіледі. Оның автоматтандырылған прокторинг жүйесі емтихан кезіндегі бейне мен дыбысты, сондай-ақ компьютер экранын жазып отырады.
Сынақ басталар алдында жүйе үміткердің фотосуретін eGov профиліндегі суретпен салыстырып, жеке басын сәйкестендіреді.
Бұған қоса, смартфонды екінші камера ретінде пайдалану қажет. Телефон үміткерден шамамен 1,3 метр қашықтықта, бүйір тұсына қойылады. Кадрдан емтихан тапсырушы, жұмыс үстелі және компьютер экраны толық көрінуі керек. Тестілеу алдында үміткер бөлмені камераға көрсетеді.
Жүйе құрылғыда мыналардың бар-жоғын тексереді:
- қашықтан қол жеткізу бағдарламалары;
- виртуалды машиналар;
- қосымша мониторлар;
- қолдануға тыйым салынған бағдарламалар;
- VPN және Proxy сервистері.
Емтихан терезесі толық экран режимінде ашылады. Басқа терезелерге ауысу бұғатталады. Күмәнді әрекеттер автоматты түрде тіркеліп, кейін уәкілетті маманның қарауына жіберіледі.
Компьютерге қойылатын талаптар
Онлайн емтихан тапсыру үшін:
- Windows 7 немесе одан жаңа операциялық жүйесі орнатылған компьютер;
- не Intel немесе Apple Silicon процессорлы macOS құрылғысы;
- жұмыс істейтін веб-камера мен микрофон;
- камерасы бар смартфон;
- тұрақты интернет байланысы;
- Google Chrome браузері қажет.
Теориядан өткеннен кейін не істеу керек?
Онлайн теориялық емтиханды сәтті тапсырған азамат практикалық кезеңге әдеттегі тәртіппен өтеді. Ол үшін «ХҚКО» қосымшасы арқылы көлік жүргізу емтиханына жазылуға немесе мамандандырылған ХҚКО-ға баруға болады.
Бірінші вице-министр Ростислав Коняшкиннің айтуынша, жаңа формат азаматтардың уақытын үнемдеп, ХҚКО-ға бару қажеттілігін азайтады. Дегенмен емтиханды ХҚКО-да тапсыру мүмкіндігі сақталады.
Техникалық көмек алу үшін қосымшадағы қолдау чатына немесе pdd_support@goscorp.kz электрондық поштасына хабарласуға болады. Жалпы сұрақтар бойынша 1414 бірыңғай байланыс орталығы кеңес береді.
О. Сансызбай