Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу, емтихан тапсыру және көлікті тіркеу тәртібіне бірнеше маңызды өзгеріс енгізілді. Жаңа талаптар рәсімдерді жеңілдетіп қана қоймай, жол қауіпсіздігі мен тәртіпті күшейтуге бағытталған. Өзгерістерді Ішкі істер министрлігі түсіндірді, деп хабарлайды Massaget.kz.
1 жұмыс күні
бірінші сәтсіздіктен кейін қайта тапсыру мерзімі
3 әрекет
емтиханды тегін тапсыруға болады
1 жыл
теория нәтижесінің жарамдылық мерзімі
1 сағат
арнайы нөмірге тапсырыс беру уақыты
Емтиханды қайта тапсыру тәртібі қандай?
Емтиханнан өте алмай қалған жағдайда төмендегі ережелер қолданылады:
- бірінші сәтсіздіктен кейін келесі жұмыс күні-ақ қайта тапсыруға болады;
- екінші сәтсіздіктен кейін келесі емтиханға дейін 10 күн күту керек;
- алғашқы үш әрекет тегін, төртіншіден бастап әр қайта тапсыру ақылы болады;
- әрекеттің жалпы санына шек қойылмайды.
Теориялық емтиханнан сәтті өткен адам практикадан қиналса, теорияны қайта оқып, қайта тапсырудың қажеті жоқ. Теория нәтижесі бір жыл бойы сақталады.
Маңызды ескерту. Емтихан кезінде шпаргалка немесе телефон қолданған адамның сынағы дереу тоқтатылады. Ал емтихан нәтижесімен келіспегендер полиция мен ХҚКО өкілдері кіретін арнайы комиссияға апелляциялық шағым түсіре алады.
Көлікті тіркеу кезінде қандай жеңілдіктер бар?
Автокөлікті тіркеу және рәсімдеу тәртібі де жеңілдетілді:
- құжат тапсыру кезінде қате кетсе немесе бір қағаз жетіспесе, өтінішті басынан қайта толтырудың қажеті жоқ, кемшілікті сол жерде түзетуге болады;
- арнайы мемлекеттік нөмірге тапсырыс бір сағат ішінде орындалады;
- көліктің конструкциясына өзгеріс енгізілген болса, өзгерістің қауіпсіздігін растайтын куәлік қажет;
- өз қолымен жасалған тіркемені (прицеп) тіркеу үшін оның техникалық қауіпсіздік талаптарына сай екенін көрсететін куәлік болса жеткілікті.
Жаңа тәртіп емтихан тапсырушылар мен көлік иелерінің уақытын үнемдеп, артық қағазбастылықты азайтуға мүмкіндік береді.
О. Сансызбай