Жүргізуші куәлігін алу емтихандарын тапсыру ережесі өзгерді: не білу керек?

Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігін алу емтихандарын тапсыру қағидаларын өзгертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство көлікті тіркеу қағидаларына да өзгерістер әзірлеген.

"Мақсатымыз - мемлекеттік қызметтерді жеңіл әрі жылдам ету. Артық рәсімдер алып тасталды. Көлікті қайта жабдықтағаннан кейін оны бөлек қаратудың қажеті жоқ. Енгізілген өзгеріс қауіпсіз екенін растайтын құжат болса жеткілікті. Емтиханды бірінші рет тапсыра алмасаңыз, келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады. Екінші рет те сәтсіз болса, дайындалуға 10 күн беріледі. Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмасаңыз, сол емтиханды кейін қайта тапсыру ақылы болады. Бұл шара емтиханға қосымша дайындалу үшін енгізіліп отыр. Сонымен қатар, теориялық емтиханды тапсырып, практикалық емтиханнан өте алмасаңыз, теориядан алған нәтижеңіз сақталады", - деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранова.

Шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстан куәлігіне ауыстыру үшін алдымен теориялық емтихан тапсыру қажет.

"Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті орган куәлікті берген елге ресми сұрау жібереді. Ол елдің құзыретті органы куәлік түпнұсқа екенін растағаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады. Бұл - жалған құжаттардан қорғау шаралары" - деді Ақтоты Боранова.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!