- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жүректі "өлтіретін" жаман...
Жүректі "өлтіретін" жаман әдеттер аталды
Қазір әлемде жүрек-қан тамырлары аурулары өлімнің негізгі себебінің біріне айналды. Оның көпшілігі жаман әдеттермен байланысты. Кардиолог Ақнұр Арыстанова жүрекке зиян жаман әдеттер мен олардан қалай арылуға болатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Маман ең бірінші баса айтқаны - темекі шегу. Ол - жүрекке әсер ететін ең қауіпті әдеттің бірі.
"Никотин және темекідегі басқа заттар атеросклероз, миокард инфарктісі сияқты жүрек ауруларының даму қаупін арттырады. Сондықтан темекі шегуден бас тарту - жүрегіңізді қорғаудың ең жақсы тәсілінің бірі", - дейді Ақнұр Арыстанова.
Одан кейін дұрыс тамақтанбау. Майларды, қантты, тұзды және өңделген тағамды шамадан тыс тұтыну семіздікке, қысымның жоғарылауына және жүрекке қауіп төндіретін басқа факторларға әкеп соғуы мүмкін. Жүрек денсаулығын сақтау үшін жеміс, көкөніс, дәнді дақылдар және майсыз ақуыздарды көбірек тұтыну ұсынылады.
"Үшіншіден, жүріс-тұрысы аз өмір салты. Физикалық белсенділік болмауы жүрек-қан тамырлары ауруларының даму ықтималдығын арттырады. Алкогольді шамадан тыс тұтыну жүрекке кері әсер етеді. Алкогольді көп мөлшерде ішу қан қысымын, холестеринді жоғарылатып, аритмия мен басқа да жүрек проблемаларының даму қаупін арттыруы мүмкін", - деді маман.
Күйзеліс те жүрекке теріс әсер етеді, бұл қысымның жоғарылауына, жүрек соғу жиілігінің жоғарылауына және басқа мәселелерге әкеп соғады.
"Айтылғандардың бәрін ескере отырып, жүректің саулығын сақтау үшін жаман әдеттерден аулақ болу және салауатты өмір салтын ұстану қажет. Тұрақты медициналық тексерулер, дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік және темекі шегуден бас тарту жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтуға және көп жыл бойы денсаулықты сақтауға көмектеседі", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова