- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жүректі ауыртады". Президент...
"Жүректі ауыртады". Президент балаларға жасалатын зорлық, әлімжеттік мәселесін көтерді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтер съезінде буллинг тақырыбын көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Өкінішке қарай, оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті, зорлық көрсетуі тыйылмай отыр. Соның кесірінен олар өз-өзіне ол жұмсауға, яғни суицидке дейін барып жатыр. Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және олардың жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізеді. Сондай-ақ, оқу үдерісіне кері әсер етеді. Балалардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтырады. Мемлекет баланың құқығы мен қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ, буллингке біржола тосқауыл қоюы қажет", - деді Тоқаев.
Президент балаларға қатысты қылмыс жасағандар қатаң жазалануы керегін мәлімдеді.
"Соңғы уақытта маған зорлық-зомбылық көрген балалардың ата-аналарынан өтініштер келіп түсіп жатыр. Ашығын айтқанда, мұндай хаттарды оқу оңай емес. Жасөспірімдердің қылмыстық психологиясы мен кейбір мұғалімдердің немқұрайлығының құрбаны болған балалардың жай-күйі жүректі ауыртады. Мен Президент әкімшілігіне қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Мұндай адамдарға басқа айтар сөзім жоқ. Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, маған баяндауы қажет. Қатаң шара қолданамыз", - деді Президент.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова