"НеМолчи" қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Астанада болған жантүршігерлік адам өлімі туралы мәлімдеді. Оның сөзінше, былтыр 20 наурызда әйел адам екінші әйелді жүрек тұсына екі рет пышақ сұғып өлтірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дина Таңсәрінің сөзінше, күдікті әйел күйеуінің көңілдесі болған әйелді өлтірген.
"Бірақ марқұм ер адамның көңілдесі емес еді. Ол оның (күдіктінің-еск.) күйеуімен бұрын азаматтық некеде тұрған, араларында бір бала болған. Ер адам екі отбасында өмір сүрген. Қайғылы оқиға болар күні түнде күдікті үйінен пышақ ала шыққан. Күйеуі бұрынғы әйелімен ұрысып қалған сәтте күдікті әйел ас үй пышағын алып, марқұмның жүрек тұсына екі рет сұғып алған. Сосын күдікті марқұмға медициналық көмек көрсетудің орнына бірден қолын тазалау үшін бинт пен асқын тотығын (перекись) іздей бастаған. Видеодан күдікті әйел жерде қансырап жатқан әйелге ұзақ қарап, былапыт сөздер айтып жатқанын көруге болады", - дейді Дина Таңсәрі.
Қоғам белсендісінің сөзінше, оқиға Астанадағы тұрғын үйлердің бірінде болған.
"Сол күні күдікті әйел полицейлерге куәлік беріп, оқиға орнын еш қорықпай, байсалды күйде көрсетеді. Қылмыс болған уақытта да ол өзін байсалды ұстаған. Артынша Алматы аудандық ішкі істер бөлімі сараптама жүргізіп, күдікті әйелде қылмыс болған уақытта аффект (жан күйзелісі) болғанын мәлімдейді. Сосын белгісіз себептермен байланысты Өскеменде екінші сараптама тағайындалып, ғылыми және логикалық тұрғыда күдіктіде аффект күйі болмағаны туралы қорытынды шығарған. Бірақ тергеуші тағы бір сараптама тағайындап, күдікті әйелде аффект күйі болғанын мәлімдейді. Бұл сәйкестік деп ойламаймын. Енді астананың Алматы аудандық сотының судьясы аффект жағдайында кісі өлтіру бойынша сот ісін аяқтамақ. Демек, қылмыс болған уақыттан бері үйінде жүрген және ұсталмаған күдікті үш жылға дейін ғана бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - дейді қоғам белсендісі.
Дина Таңсәрінің сөзінше, марқұмның артында үш кішкентай баласы қалған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!