Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен Түркиядағы жер сілкінісінен кейін зілзала орындарына қазақстандық құтқарушылар да барған еді. Соның бірі - қарағандылық Досымжан Бахытжанұлы. Massaget.kz тілшісі Түркиядағы құтқару жұмыстарына қатысып, елге қайтқан Досымжан Бахытжанұлымен сұхбаттасты.
Досымжан Бахытжанұлы - Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өртсөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі жедел құтқару жасағының құтқару бөлімінің жетекшісі. Қарағандыдан Түркиядағы құтқару жұмыстарына 15 адам жіберілген, екеуі - медициналық апат қызметкері. Соның бірі ретінде құтқару жұмысына қатысқан Досымжан Бахытжанұлы 19 жылдан аса уақыт бойы осы салада жұмыс істеп келе жатыр екен.
"Төтенше жағдайлар министрлігінде жұмыс істеп жатқаныма 19 жыл болды. Қазір бір кезектің басшысымын. Қарамағымда 8 адам бар. Отбасым, ата-анам, қызым мен ұлым бар. Негізгі мамандығым - денешынықтыру саласы", - дейді ол өзі туралы.
Ол мұндай жауапты іс тапсырылғанда қобалжығанын жасырмады. Алайда жұмыстың бәрі ойдағыдай аяқталған.
"Жұмыс істеген уақытымда шетелге алғаш рет жер сілкінісіне бардым. Қобалжу болды. Қазақстан жіберген гуманитарлық көмекті күтіп алып, жүктерді түсірдік. Сөйтіп, кеше келдік. Жалпы 12 күн болдық", - дейді Досымжан Бахытұлы.
Президент тапсырмасымен Түркиядағы зілзалаға шұғыл көмек көрсету мақсатында аттанған құтқарушылар Газиантеп қаласына барған.
"Газиантеп қаласының әуежайына қондық. Сол жерде біздің штат болды. Сол штаттан бізді Нұрдағы деген қалаға жіберді. Нұрдағыда 9 күндей болдық. Кейін жұмысымызды аяқтап, Газиантеп қаласына келдік", - дейді құтқарушы.
Ал жер сілкінісінен кейін опырылған нысанда қарағандылық құтқарушылар астаналық әріптестерімен бірге жұмыс істепті.
"Бізге берілген нысанда екі қаланың, яғни Астана мен Қарағандының құтқарушылары болды. Жер сілкінісінен кейін құлаған 7 қабатты үйдің үйіндісін тазаладық. Тәулігіне 16 сағат жұмыс істеп, 8 сағат демалдық. Жұмыс тоқтатылған жоқ. Ауысып-ауысып отырдық. Өзімізбен бірге шатыр, төсек-орнымызды апардық, соны құрып, сонда жаттық", - дейді ол.
Зілзала ошақтарында жұмыс істеген кездегі ең қауіпті сәт жер сілкінісі қайталанған кездер болыпты. Досымжан осындай сәттерде өзі жетекшілік еткен құтқарушылардың да өміріне алаңдапты.
"Жұмыс істеп жүрген кезімізде жер сілкінісі болды. Қайталанып тұрды. Күніне екі-үш рет болды. Нақты айта алмаймын, бірақ магнитудасы аздау болды. Жұмысты жарты сағат, 40 минутқа тоқтатып, әрі қарай жалғадық. Қатты қызу жұмыс болды. Кім қалай жұмыс істейтінін бөліп алдық. Бірақ жер сілкінісі болған сәттерде қорқыныш пайда болды. Өзім бір топтың жетекшісі болдым. Әр балаға жауапкершілік алдым. Қарамағымда 7 адам болды", - дейді ТЖМ қызметкері.
Бұл жайт ешкімді бейжай қалдырмайтыны анық. Досымжан Бахытжанұлының сөзінше, ең ауыр тиетін сәт балалардың денесін алып шыққан кездер болыпты.
"Үйіндінің астынан үш адамды тірі алып шықтық. Бір қыз бала мен әйел адамды, содан кейін бір мүмкіндігі шектеулі жанды құтқардық. Он бір адамның мәйітін шығардық. Он бір адамның ішінде балалардың мәйіттері болды. Олардың әке-шешесі, туғандары қатты жылады. Сол кезде жүрегімізге қатты тиіп, босаңсыдық", - дейді ол қайғылы трагедия туралы.
Досымжан Бахытжанұлының айтуынша, зілзала орындарында жергілікті құтқарушылар жұмыстарын жалғастырып жатыр.
"Естуіміз бойынша, біздің алдымызда көбі қайтып кеткен. Өзіміз кеше қондық. Түркияның жаңалықтары бойынша сол елдің құтқарушылары жұмыстарын жалғастырып жатыр", - дейді қарағандылық құтқарушы.
Кеше құтқарушылар Астанаға келді. Ал түрік жұрты оларды ыстық ықыласын білдіріп шығарып салыпты.
"Жұмыс істеген жерімізді аяғына дейін аяқтадық. "Осынша адам жетпейді" деді. Соның бәрі табылды. Сонымен жұмыс аяқталды. Түрік елі өте ыстық ықыласын білдірді. Қай жерде жүрсек те қай жерден келгенімізді сұрайды. Қазақтарға, бізге ерекше көзбен қарап, "О, Қазақстан, Қазақстан" деп жатады", - дейді ол.
Құтқару жұмыстарына кинологтар да жұмылдырылған. Бұл орайда Қарағандыдан да құтқарушылармен бірге Грения атты ит барыпты.
"Кинолог болды. Иттің аты - Грения. Иесі - біздің құтқарушы. Қазақстанда өздері үйреткен. Біздің мекеменің иті. Итпен жұмыс істеген құтқарушының айтуынша, өліктердің иісінен ол иіс сезу қабілетін жоғалтқан, иіс сезе алмай қалды", - дейді ТЖМ қызметкері.
Түркияға барып қайтқан қазақстандық құтқарушы өзі көзбен көрген жайтты бөлісті.
"Мұндай жағдай ешбір елде болмасын деп тілеймін. Біз жұмыс істеген жерлерде көбіне тоңазытқыштар бүтін шықты. Диванның астыңғы жағы да бүтін шықты. Сондайды байқадым", - деп түйіндеді әңгімесін ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!