- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жүрегіміз қан жылады...
"Жүрегіміз қан жылады ғой". Ұрылар сойып тастаған араб жылқысы туралы иесі айтты
Қарағанды облысында елдегі ең қымбат соғым ұрлығының мән жайы белгілі болды. Баукеспелер Ақадыр кентінде аламан бәйгеге жарап тұрған асыл тұқымды тұлпарды ұрлап, сойып тастаған. Күдіктілер оның етін сатып үлгермепті. Ұрылар ертесінде-ақ ауылдан шыға берісте ұсталды. Ал сәйгүлігін аламан бәйгеге баптап отырған атбегі өз-өзіне әлі келе алар емес. КТК тілшісі сорақы ұрлық болған ауылға барып мән жайды біліп келген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Баукеспелер қорадан жетектеп алып шығып кеткен сәйгүлік бірнеше күннен кейін өзінің қорасына қайтып келді, бірақ сойылған күйде. Тергеушілер тергеу өткен соң мұны иесіне қолхатпен табыстаған. Бірақ жылқы десе ішкен асын жерге қоятын мал иесі мұны етке де бермей, "өзім жерлеймін" деп отыр. Атбегінің ойы - асылын ит-құсқа жем қылмай көміп тастау. Ағылшын-араб тұқымдас сәйгүлігі кұнанынан бері талай бәйгеде топ жарған. Елдің аузына енді ғана ілініп бабына келген Сарбаз атты сәйгүлік аламанға түскелі жарап тұрған. Соңғы бәйгесінде мәреге атышулы тұлпарды өкшелей келіпті. Тұлпарының пышаққа ілінгенін естігенде есеңгіреп қалған.
"Көзден жас шығармасақ та, жүрегіміз қан жылады ғой. Тамақ та іше алмай қалдық. Тамақтан ас өтпей қалды, қайта-қайта, ойлап-ойлап. Жүгіртем, желітем. Білесіз ғой. Бәйге алаңына апарып, кортқа апарып, уақытымен бәрі, режимі бар, азығы да, бәрі. Аламан 20-25-тен басталады ғой. Сол 35-ке дайын ат еді", - дейді атбегі Ақжол Ысқоқов.
Сол түні қырсыққанда қораның аузындағы иті де күшіктеп, бауырын жазбай жатып алған көрінеді. Ұрылардың мұны білген-білмегені білгісіз, бірақ емін-еркін кіріп-шыққанға ұқсайды. Қылмыстан құлағдар болған полиция бірден кенттен шығатын жолдарға бекеттер қойған. Ертеңгі күні кешкілік жүк салғышында жылқының еті бар көлік тоқтатылған.
"Басында ешқандай құжат болмағандықтан күдіктендік. Өйткені бәйгеге қосатын ат ұрланды. Құжатын сұрадық, ветеринарлар рұқсат береді ғой. Кабинетте сөйлескен соң өздері айта бастады. "Ұрлықпен сойылған ат, қалаға сатуға апара жатырмыз, бізге бәрібір, ақша болса болды, сату үшін" деп. Басқа түк те айтқан жоқ", - дейді Ақадыр кентінің учаске инспекторы Айдын Кенжебаев.
23 және 54 жастағы күдіктілер жергілікті тұрғындар болып шықты. Қазір олар тергеу абақтысында. 10 жылға дейін сотталулары мүмкін. Сондай-ақ иесіне 1 жарым миллион теңге төлеуі тиіс. Ақжол Ысқақов олардың кім екенінен әзірге білмейді. Көріп жатса, мал ұрысы жарап тұрған сәйгүлікті соғымнан қалайша айыра алмағанын сұрағысы келеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина