- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жүрегіме пышақ салып...
"Жүрегіме пышақ салып өлтіремін деді". Көпбалалы әйел имам күйеуі ұрып-соғатынын айтты
Түркістан облысы Темір ауданында 6 баланың анасы Гауһар Жұмаділдә тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбанына айналғанын айтты. Оның айтуынша, күйеуі - ауылдың бас имамы. Бұл туралы "Көреміз" бағдарламасында айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әйелдің күйеуі Төрехан Әлжан - Темір ауылы "Мамырбек молда" мешітінде бас имам.
"Имам болып жұмыс істейді, Құдайдан қорқады, ұрмайды деп шықтым ғой. Мен ойлағандай болып шықпады. 3 балам бар кезде 2015 жылы бір қайын әпкеме сәлем салып қойдым, сол кезде ұрып, талақ деді. Олар несие алады деп мені төркініммен араластырмайды. 2017 жылдан бастап, 6-баланы туғаннан кейін мені қайта-қайта ұра бастады. Бір күні жүрегіме пышақ салып өлтіремін деді. Үйді әпкесінің атына аударды. Мен ажырасып, үйді 6 балаға бөліп берсе екен деймін", - дейді әйел.
Гауһар Жұмаділдә имаммен бас қосқанда небәрі 23 жаста болған, ал ерлі-зайыптының жас айырмашылығы 12 жыл. Имам бұған дейін үйленген, бірінші әйелінен 4 баласы бар. Олар 2010 жылы кездесіп, 1 аптадан кейін үйленген.
"Екеуміз танысқанда құрал-жабдық сататын дүкенде жұмыс істеп жүрді. Имам болып жұмыс істеген жоқ, бірақ оқып келген", - дейді ол.
Әйелдің айтуынша, имам ақшаны өзі қолында ұстайды.
Халық емшісі Убайдулла Елемесов шариғат бойынша әйелге қол көтеруге рұқсат жоғын алға тартты. Гауһар Жұмаділдәнің күйеуі, имам Төрехан Әлжан өзіне жала жабылғанын айтты.
"Ханафи мазғабын ұстанамын. Неге мені айыптайды. Мен сәлем салуға қарсы емеспін. Беташарға да барамын. Шариғатта әйел күйеуінің рұқсатымен ғана шығуы керек. Мен қатты қызғанамын. Өзім апарамын ғой деймін. Мен адам түгіл мысықты ұрмаймын", - дейді күйеуі.
Ал әйелі бұл сөзін жоққа шығарды. Оның айтуынша, ата-енесімен тұрғанда ұрыс-керіс болмаған. Кейінгі ұрыстың себебі - әйелінің спираль салуы.
Имамның айтуынша, әйелі бірінші некедегі балаларын ұрып-соққан. Дәрігерлер ауруханаға күйеуінсіз келмегенін айтты. Ақ халаттылардың айтуынша, босануға 2 апта қалғанда әкелген, ал былай өзін ешқашан жібермейді.
Бағдарлама аяғында әйел үзілді-кесілді ажырасқысы келетінін айтты. Ерлі-зайыптыға ойлануға уақыт берілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек