Ақын Серік Сейтман әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтың той жасаудағы дарақылығын сынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жақында Түркияға барып келген Серік Сейтманға түріктердің тойы ұнаған.
"Жақында Түркиедегі түрік бауырлар жолымды көтеріп, тойларына шақырды. Атажұрттың сәлемін өлең тілімен, домбыра үнімен жеткізсең деген ниет-тілектері болды. Құжатымның көшірмесін ғана жібергенім болмаса, қашан барып, қашан қайтам, қайда жатам деген сұрақтарға бас қатырмадым. Той 4 тамызға белгіленсе, барар билетімді 2 тамызға, қайтарымды 7 тамызға алыпты. Ұлын үйлендіріп жатқан той иесі ұшақтан түскеннен салтанатты күнге шейін, той біткеннен ұшаққа қайта мінгенге шейін жанымнан кетпей, құрақ ұшты. "Той жақындап келеді, маған алаңдамай, дайындалыңыздар", – дедім алғашқы күні қонақ үйге жайғастырып жатқанда. Ағамыздың қонақжай пейілі екінші күні де толастамады. "Ертең той ғой, мен де көмектесейін", – дедім ұялғаннан. Той иесі мұнымды да жаратпады. Ол кісі бұл күнде де достарымен бірге бізбен кофе ішіп, үйіне 18:00-де кетті. Екі сағаттан соң, 20:00-де той басталды. Алаңдамайтынындай жөні бар екен. Жиналған 500 кісі жайбарақат жайғасып отыр. Дастарханда түріктің халуасы, түріктің дөнері, түріктің сусыны – бітті. Асаба қажет емес, себебі ешкім сөз сөйлемейді. Бір ғана адам сөйледі, оның өзі қазақ (алыстан келген деп маған сөз берді). Әсіре сөз, асыра мақтау деген атымен жоқ. Жас жұбайлар келгенде көпшілік ерекше құрметтеп қарсы алды. Жастар махаббат биін биледі. Қонақтар кезекке тұрып, екі жасқа сыйлықтарын табыстады. Соңынан аздап ұлттық билерін биледі…", - деді ол.
Сапардан соң ақын қазақтың тойларындағы ысырапшылдықты ескеру керек екенін атап өтті.
"Бұл сапардан ой түйіп қайтқаным сол еді, күні кеше Алматыда өткен бір тойдың бейнеүзіктерін сол жерде отырған бір жақыным жіберді. Аста-төк дастархан, қазақстандық қана емес, ресейлік өнер "жұлдыздары", алтынмен апталған, күміспен күптелген ыдыс-аяқ пен жиһаздар т.б. Жүрегім айнып, құсқым келді. Бұл ел болып ойланатын жағдай екен, ағайындар! Бәлкім "Қазақтың пейілі ғой!.." дерсіз. Әрине, пейіліміз кең болғаны дұрыс, бірақ ысырапшылдықтың да Құдай сүймес қасиет екенін ескергеніміз абзал шығар", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!